23 маусым — Қазақстан полициясы күні. Еліміздегі құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын атаулы күн 2007 жылдан бері аталып өтіледі. Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай емес.
Бауыржан Қуатов — Абай полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы. Полиция капитаны өз жұмысын 2007 жылы анықтаушы болып бастаған. Қызметінде абыройлы жан, отбасында 4 баланы тәрбиелеп отырған ардақты әке. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып жүрген тәртіп сақшысы талай рет қауіп қатермен бетпе бет келгенін айтады.
Бауыржан Қуатов, Абай полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы: «Көлікті заңсыз айдап кету жағдайы орын алған кезде күдіктіні іздестірдік. Оның жасырынып жатқан жері анықталған соң, үйді қоршауға алып, өзім ішке кірдім. Өзімді таныстырып, құжаттарымды көрсетіп, іздеп жүрген күдіктіге бізбен бірге жүруін өтіне бергенімде қасындағы достары арт жағымнан атып жіберді. Тіпті, өзім де байқамай қалдым. Оқ басыма тиген. Тек кейін қанды көргенде ғана түсіндім. Содан ауруханаға түстім. Бүгінде денсаулығым жақсы. Өз қызметімді қайта атқарып жүрмін. Бұл — менің өз таңдауым. Өзім таңдаған жұмысым. Сондықтан халыққа қалтқысыз қызмет ету — міндетіміз».
Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытқа бағынбайды. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қияды. Оңтүстікте қызмет бабы барысында қайтыс болған полицейлердің саны -22. Олардың қай-қайсысы да құрметке лайық.
Айта өтейік, өңірімізде өз міндетін атқаруда ерекше көзге түскен 3 қызметкер «Айбын» орденімен, 4 тәртіп сақшысы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ал жалпы, облысымызда ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігінің кепілі болатын 5000-ға жуық құқық қорғаушы қызмет атқаруда.