№ 3 балалар үйінің тәрбиеленушілері қуанышқа бөленді

1222

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкенттегі №3 балалар үйіндегі бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.

Мерекелік іс-шарада департаменттің баспасөз хатшысы Е.Ермаханбетов балаларға департамент басшылығы атынан ыстық лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, сый-сыяпаттарды табыс етті. Сонымен қатар, мемлекет өскелең ұрпақтың озық білім алуы үшін көптеген жағдайлар жасауда, соның ішінде балалар құқығының қорғалуы басты міндет екенін атап өтті.

Қонақтарды асыға күткен бүлдіршіндер де өз өнерлерін көрсетіп, ән салып, би билеп, түрлі спорттық ойындарды да бірге ойнап, қызықты да көңілді күй кешті.

Атап өту керек, №3 балалар үйінде жасы 3 пен 11 аралығында жалпы саны 70 балдырған тәрбиеленуде. Ата-ананың қамқорлықсыз қалған жартылай және тұл жетімдердің құқығын қорғау – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастырудың алғышарты дейді департамент өкілдері.