10 елді мекенде залалсыздандыру жұмысы жүріп жатыр

6

Шымкентте жыл басынан бері 274 тұрғынды кене шаққан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға артық. Көктем мен күз маусымы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының өршитін уақыты. Сондықтан мамандар алдын алу шараларын сақтану керектігін айтады.

Шымкентте күн жылынғалы бері 300-ге жуық адамды кене шаққан. Абырой болғанда азаматтардан Конго-Қырым қанды қызбасының белгілері анықталмады. Дей тұрғанмен бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға көп. Сондықтан мамандар залалсыздандыру жұмысын жүргізу маңызды екенін айтады.

«Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарына сәйкес жүйелі негізде профилактикалық, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуге міндетті делінген. Кенелермен күресу мақсатында барлық мал ұстайтын қала тұрғындары қора-жайларын қоқыс-малақтан тазартып, залалсыздандыру жұмыстарын өз тараптарынан жүргізуге шақырамыз», – дейді Шымкент қаласы СЭБД аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қабағалау бөлімінің бас маманы Ақмарал Сағындық.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының белгілері кене шаққаннан кейін 14 күннің ішінде белгілі болады. Ондай жағдайда науқастың дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бастың қатты ауыруы, лоқсу, мұрын мен жатырдан қан кетуі байқалады. Сондықтан эпидемиологтар паразит денеге жабысқан кезден бастап, сақтық шарасын қолдану керек дейді.

«Кенені бірден жұлып алып тастауға болмайды. Арнайы бір реттік қолғаптар арқылы кенені алу керек. Оны аузы жабылатын ыдысқа салып, өзіңіздің мекенжайыңызға қарайтын емханаға жүгіну керек. Егер кенені өзіңіз ала алмасаңыз. Тіркелген емханаға келіп, сүзгі бөлмесіне жүгінсеңіз, мамандар арнайы құралмен алып, зерттеуге жолдайды», – дейді №2 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиолог маманы Болсынай Анапияева.

Бұл ауру түрі кененің шағуымен және науқас адамның сілекейі, нәжісі бөгде адамның денесіне тиген кезде жұғады. Мамандар қарым-қатынас барысында жұққан дерт ауыр өтетінін айтады. Айта кетейік, қазір 10 елді мекенде залалсыздандыру жұмысы жүріп жатыр.