Шымкенттегі «Асар» шағынауданында тұратын ағайын жылыжаймен қамтылған. Мұндағы шаруалар жыл он екі ай көкөніс өсіріп, баспанасының несиесін өтеуде. Жасөспірімдер де қалыспай, жазғы демалыста көкөніс пен гүлдерді баптап жүр.
«Нұрлы көш» бағдарламасы аясында бой көтерген «Асар» шағынауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл қуантады. Тұрғын үйлер жасыл желекке көмкерілген. Әр үйдің алдындағы жылыжай көкөніске толы.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=blyGCSkw48k[/youtube]
Жергілікті тұрғындардың бірі Раушан Ешалиева 3 соттық жерге биыл болгар бұрышын егіпті. Көшеттерді осындағы «Асар — жылыжай өнімдері» серіктестігінің басшылары тегін үлестіргенін айтады. Жақсы күтімнің нәтижесі болар — бүгінде мол өнімге қол жеткізетініне сенімді.
Раушан Ешалиева, шаруа: «Биыл алғаш рет болгар бұрышын ектім. Қалай болады екен деп ойладық. Жаман емес, екі апта болды, сатып жатырмыз базарларға. Былтыр қызанақ еккенбіз. Болгар бұрышын жинап алған соң қырыққабат отырғызуды жоспарлап отырмыз.»
Ал көршісі жылыжайдағы қызанақты жинауға кіріскен. Ұлбосын өнімді бұдан да ертерек жинауға болатын еді дейді. Ауа райының қолайсыз болуынан көкөніс маусымның алғашқы он күндігінде ғана пісіп-жетіле бастаған. Әйтпесе, көшеттер наурыз айында егілген екен.
Ата-анасынан жылыжай баптауды үйренетін жастар көп мұнда. Мектеп оқушылары жазғы тәжірибе барысында жылыжайдағы арам шөпті жұлып, көкөністерді суарады.
Бағдат Жұмахан, «Асар» шағынауданындағы №90 мектептің оқушысы: «Жылыжайымызда қызанақтың күтімін үйрендік. Піскен өнімді асханамызға тапсырамыз, қалғанын сатып, түскен қаражатты ұрық, көшеттерге жұмсаймыз.»
Оқушылар мұнда 14 маусымға дейін жалғасатын тәжірибе сабақтарында шөп шабу, бір және көпжылдық гүлдердің күтуді үйренеді.
Шынар Оразова