Шымкентте көпқабатты үйлердің аулаларына салынған спорт алаңшалары бұзылып жатыр. Мысалы, бір ғана Еңбекші ауданында 41 шағын спорт алаңы бар болса, соның жетеуі жөндеуді қажет етеді.
Енді осы алаңшаларды орнатқан мердігерлер бұзылған жерлерді қалпына келтіруге тиіс. Себебі келісім-шартта үш жылдық кепілдеме көрсетілген. Бұдан бөлек аталған аудандағы қоқыс алаңшаларының тоқсан пайызға жуығы евро үлгідегі құтыларға алмастырылмақ.
Еңбекші ауданы бойынша өткен жылдың өзінде 25 спорт, 8 тренажер алаңы орнатылған. Аудан басшылары биыл тағы 14 аулаға спорт алаңшасын орнатуды жоспарларлап, 20 ауладан жер телімін бөліп қойыпты.
Қырауар ақшаға салынған спорт алаңшалары бүгінде балалардың футбол ойнайтын сүйікті орындарына айналған. Десе де осынау алаңшалардың бірқатары қазір айтарлықтай жөндеуді қажет етеді. Енді мердігерлерге біраз уақыт қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге тура келіп тұр.
Қамбар Тұрлыбеков, мердігер: «Біздің үш жылдық кепілдемеміз бар, амалсыз бүлінгенді жөндейміз. Бірақ, осы алаңда ойнайтын азаматтарға мүлікті күтіп ұстауды үйрету қажет.»
Билік өкілдері биыл тек аулалардағы алаңшаларды жөндеп қана қоймай, қоқыс тастайтын орындарға да көңіл бөле бастады. Еңбекші ауданы бойынша 112 қоқыс алаңының 98-і евро үлгідегі құтыларға алмастырылмақ. Ол үшін бюджеттен қомақты қаражат бөліп, мердігерлер ескі бетон қоршаулардың орнына заман талабына сай құтылар қоя бастады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=643i81M3bWY[/youtube]
Ғалымжан Илясов, Еңбекші ауданының әкімі: «Біздің жеке сектор тұрғындары қоқыс қалдықтарын есік алдына қалай болса солай тастай салады. Енді біз қоқыс алаңшаларын орнатып. қоқыс қалдықтарын шығаратын мекемелермен келісім-шартқа тұрсақ, халық дұрыс түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз.»
Аудан басшылары, сондай-ақ, жаңадан қосылған елдімекен тұрғындарымен кездесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды бір көзден шығаруға үйрету бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізбек. Ол үшін сол елдімекендерге бірнеше қоқыс алаңшаларын салынып, евро үлгідегі контейнерлер қойылмақ.