Әжетхананың орнына ойын алаңшалары салынады

41

Бүгінде аудан орталығы саналатын Жетісай қаласында 8343 тұрғын үйде 50 мыңға жуық тұрғын тұрады. 133 көппәтерлі тұрғын үйде 1500 пәтер бар.

Аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов арнайы сала мамандарымен бірге көппәтерлі үйлердің тұрғындарымен кездесуді бастады. Мақсат – тұрғын аулаларында орналасқан әжетханаларды бұзып, кәріз жүйесіне қосылуларына көмектесу, кондаминиум бағдарламасымен қосқабатты көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу бойынша ортақ келісімге келу, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болып табылады.
Қазірдің өзінде аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындармен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде кондаминиум бағдарламасы аясында мемлекеттік акт алынған 71 көппәтерлі тұрғын үйдің 44-не оң қорытынды берілген. Ал, 18 үйге жерге орналастыру жобасы жасалған.
Кездесу барысында қала тұрғындары кәріз жүйесіне қосылуда кездесіп отырған бірқатар мәселелерге, нақтырақ айтар болсақ, кезінде кәріз жүйесінің тұрғын үйлерге теріс тартылуы салдарынан арақашықтықтың алшақ екендігіне, қажетті трубаларды тарту тұрғындардың қалтасына салмақ салатынына тоқталып, көмек көрсетуін өтінді. Әрбір үйге балалар ойын алаңшасының қажет екенін алға тартты.
«Бүгінде қаламызда 810 тұрғын үй ғана кәріз жүйесіне қосылған. Қалғандарының бәрінде әжетхана сыртта орналасқан. Сол үшін де осындай көппәтерлі тұрғын үйлерге балалар ойын алаңшасын сала алмай жүрміз.
Біз сіздермен былай келісейік – сіздер қаланың кәріз жүйесіне қосылыңыздар, біз әжетханаларды бұзып, тегістеп, орындарын тазалап ойын алаңшаларын салып берейік» деді Серік Үсенұлы.
Тұрғындармен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы 40-тан астам сыртқы әжетханалар бұзылса, биылғы жылдың басынан бері 20-сы бұзылған.