Шымкентте бала сатуға қатысы бар деген күдікпен тағы екі әйел ұсталды. Еңбекші ауданының прокурорлары жаңа туылған нәрестелерді саудалап, табыс тапқан сезіктілердің қамауға алынғанын хабарлады.
Қадағалау органы өкілдерінің айтуынша, ұсталғандар сәбилерді сатып алушыларға көмектесіп, дәрігерлермен сөз байласқан. Сөйтіп, қомақты ақшаға кенеліп келіпті. Енді оңай ақша тауып келгендер заң алдында жауап береді.
Әзірге екеуінің де Шымкент қаласының тұрғындары екені анықталып отыр. Еш жерде жұмыс істемейді. Белгілісі, қамауға алынғандардың бірінің 3 бала сату оқиғасына қатысы бар болса, екіншісі 4 сәбиді саудалауға қатысқан. Делдалдық қызметі әр балаға 50 мың теңге мен 100 мың теңге аралығында ақы алғаны дәлелденді.
Досымхан Әйтішев, Еңбекші аудандық прокурорының орынбасары: «Екеуі де баланы сатып алушылар тарапынан. Бұл кісілерге баланы сатып алушылар келіп жолыққан. Ал олар таныстарына барған. Сол арқылы делдалдық жасаған.»
Айта кетейік, осыған дейін Шымкентте екі бірдей дәрігер бала сату қылмысына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған болатын. Екеуі де облыстық перинаталдық орталықтың қызметкерлері. Тергеу кезінде бөлім меңгерушісі мен неанатолог дәрігердің 2012-2013 жылдар аралығында оннан астам нәрестені саудаға салғаны белгілі болды.
Алдын ала сөз байласқандар жаңа туған сәбилердің құжаттарын да негізінен перзентханалар арқылы рәсімдеп келіпті. Ал бүгін ақ халаттылардың қатарын жұмыссыз әйелдер толықтырды. Адам саудасына қатысы бар деген өзге де топ мүшелері анықталу үстінде.