«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 18 ақпанында № 31 заңы қабылданған болатын. Осы заңның 1-бабының 5-тармағында «экстремизм – жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атынан iс-әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы; жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды:
– Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi;
– егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн бұзуды;
– мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, өкiметтi күшпен басып алуды немесе өкiметтi күшпен ұстап тұруды;
– заңсыз әскерилендiрілген құрылымдарды құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);
– нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi);
– дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез-келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн iс-әрекет ұйымдастыруы және (немесе) жасауы керек делінген. Осы заңның 1-бабының 5-тармағында «экстремизм», «саяси экстремизм», «ұлттық экстремизм» және «діни экстремизм» деп атау алған ұғымдардың құқықтық анықтамалары берілген. Ол ұғымдар негізгі ұғымдар ретінде белгіленген әрі бекітілген деп айта аламыз. Демек, осы арнайы қабылданған заңда аталмыш ұғымдар туындаған, қалыптасқан және тиісті түрде заңды күшінде болып әрі қолданыста қолданылып келеді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің (03.07.2014 ж) 3-бабы «Осы Кодексте қамтылған кейбір ұғымдарды түсіндіру» деп аталады. Оның мазмұнында:
– «экстремистік қылмыстар — осы Кодекстің 174, 179, 180, 181, 182, 183, 184, 254, 256, 257, 264, 402 (екінші және үшінші бөліктерінде), 403 (төртінші және бесінші бөліктерінде) — баптарында көзделген әрекеттер;
– экстремистік топ — бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ» делінген. Аталған баптың мазмұнынан белгілі болғандай, жалпы 13 бап бойынша экстремистік қылмыстар ретінде танылды және ондай қылмыстарға тиісті қылмыстық жауаптылық көзделген.
Кодексте реті бойынша бірінші экстремистік қылмыс ретінде танылған 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру» деп аталған. Оның мазмұнында:
«1. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін олардың дінге көзқарасы, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатыстылығы белгілері бойынша насихаттау, егер бұл әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткізгіштерді дайындау немесе тарату жолымен жасалса, — екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған немесе бірнеше рет немесе күш көрсетумен не күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан, сол сияқты адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, не қоғамдық бірлестіктің лидері жасаған дәл сол іс-әрекеттер — үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған не ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер — үш жылға дейінгі мерзімге белгілі лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе он екі жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Осы баптың мазмұнынан анықталғандай, оның диспозициясында бірқатар өзгеріс жасалған. Яғни, қазіргі қолданыстағы 164-баптың 1-тармағының тиісті мазмұнында бар «алауыздық» деген сөз алынып тасталған. Себебі, «алауыздық» және «араздық» делінген ұғымдарды өзара салыстырған кезде, мазмұндық, мағыналық және құқықтық тұрғыдан алғанда, «араздық» ұғымы нақты мәнді білдіреді. Сондықтан осы сөзді қолданған жөн. Қазіргі қолданыстағы 164-баптың 1-тармағының санкциясындағы «бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу» делінген сөйлем жаңа жобадағы 174-баптың 1-тармағының санкциясында жоқ. Өйткені, осындай қылмыстарды жасаған адамдарды аталған жаза түрі тиісті бір қылмыстық жауаптылықтан құтқарып жіберетіндей әсер қалдырады. Осылайша пікір білдіруіміздің себебі, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру және аталған баптағы өзге іс-әрекеттер қоғамдық қауіптілігі және олардан туындауы мүмкін қылмыстық зардаптардың салдары қауіпті ауыр жағдайларға ұшыратуы мүмкін.
Экстремистік қылмыс ретінде танылған және онда тиісті жазаны қарастыратын келесі 179-бап «Билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру не Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне кіретін өкілеттіктерді шет мемлекет немесе шетелдік ұйым өкілдерінің жүзеге асыруы» деп аталған. Оның тиісті мазмұнында:
«1. Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға бағытталған, сол сияқты Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған іс-әрекеттер — он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қазақстан Республикасының уәкілетті органдар мен лауазымды адамдарының құзыретіндегі өкілеттіктерді шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым өкілдерінің жүзеге асыруы — үш мыңнан жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Осы баптың мазмұнынан анықталғандай, оның 2-тармағы «халықаралық» деген сөзбен толықтырылған деп айтуға болады. Ал енді қазіргі қолданыстағы 168-баптың 2-тармағының диспозициясында мұндай сөз жоқ. Біздіңше, бұл сөздің қосылуы дұрыс деп ойлаймыз. Себебі, тиісті халықаралық ұйымдардың өкілдері де ондай қылмыстық әрекеттерді жасауы мүмкін. Одан кейін өзгерісті жобадағы баптың санкциясының мазмұнынан анықталады. Айыппұл жазасының мөлшері көтерілген. Сонымен бірге түзеу жұмыстарына тарту жазасы көзделген. Ондай жаза түрі қазіргі қолданыстағы баптың мазмұнында жоқ.
Одан кейінгі экстремистік қылмыс ретінде танылған және тиісті жаза тағайындалған 80-бап «Қарулы бүлік» деп аталады. Оның мазмұнында:
«1. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын құлату немесе күштеп өзгерту не Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзу мақсатында қарулы бүлік ұйымдастыру — он екі жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қарулы бүлікке қатысу — он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Осы баптың мазмұнынан белгілі болғандай, бұл баптың құрылымы екі тармақтан тұрады. Ал қазіргі қолданыстағы 169-баптың құрылымы ондай екі тармақтан тұрмайды. Содан кейін қолданыстағы баптың диспозициясында «ұйымдастыру не оған белсенді түрде қатысу» делінген сөздер бірге бекітілген. Жаңа баптың мазмұнында олар жоғарыда аталған екі тармақта бөлек жазылған. Өйткені, қылмыстық құқық теориясында және қолданыстағы кодекстің 28-бабының мазмұнында қылмысқа қатысушылар ретінде ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші орындаушымен бірге танылған. Ал жаңа жобадағы екі тармаққа бөлуі дұрыс жасалған. Себебі, қарулы бүлікті ұйымдастырушының іс-әрекеті аса ауыр қылмысқа жатады. Қазіргі қолданыстағы бап бойынша қарулы бүлікке қатысушы мен ұйымдастырушыға да тиісті бірдей жаза көзделген. Демек, осы өзгерістер қисынды жасалған деп есептейміз.
Ал 181-баптың атауы «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық бірлігін күштеп бұзуға шақыру» деп аталған. Оның мазмұнында:
«1. Билікті күштеп басып алуға, билікті күштеп ұстауға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге немесе конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, сол сияқты Қазақстан Республикасының тұтастығын және оның аумағының бірлігін күштеп бұзуға жария түрде үндеу, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды осы мақсатта дайындау немесе тарату — бір мыңнан бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адамдар тобы алдын ала сөз байласып, не бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникация желілерін пайдаланып жасаған дәл сол іс-әрекеттер — бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген қылмыстық топ жасаған әрекеттер — мүлкі тәркіленіп сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Кодекс-те аталған баптың мазмұнын қазіргі қолданыстағы 170-баптың мазмұнымен өзара салыстырғанда, жаңа бап диспозициясында бар, қазіргі қолданыстағы баптың мазмұнында кездеспейтін «дайындау» деген қажетті сөздің қосылғандығын аңғарамыз. Осындай қажетті сөздің нақты қосылғанын қолдаймыз. Өйткені, «үндеу», «дайындау» және «тарату» делінген ұғымдар философиялық және жалпы қылмыстық-құқықтық мазмұны тұрғысынан өзара арақатынасы тиісті тығыз байланыста болады деп санаймыз. Сонымен қатар жалпы жаңа баптың мазмұны бойынша айыппұл жазасы мөлшерінің көбейгендігін, сондай-ақ бас бостандығына айыру жазасының жылы қосылғандығын байқаймыз. Аталған баптың мазмұнында «билік» деген сөз қолданылған. Яғни ол сөз 170-бапта кездесетін «өкімет» деген сөзбен алмастырылған.
Е.Бекбосынов
ОҚО ішкі саясат және дін істер басқармасы
«Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ
әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы
«Оңтүстік Рабат», №23, 10.06.2015