Шымкенттегі ірі жол апатына кінәлі деген күдікпен БМВ көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері хабарлады.
Тергеушілер осы азамат Ғани Іляев көшесінің бойымен келе жатып, бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан қиылыстан өтіп кетпек болған дейді. Соның салдарынан Бауыржан Момышұлы даңғылымен келе жатқан Мерседес көлігімен соғысады. Қатты соққыдан кейін БМВ жаяу жүргіншілер жолына шығып кетеді. Сөйтіп, жолдан өтіп бара жатқан бір топ адамды соққан.
Жол апатының кесірінен БМВ көлігінде отырған жолаушы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Тағы 8 адам түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда тергеушілер көшедегі бейне-бақылау камерасындағы жазбаларды алып, тексеріп жатыр.