Кентау қаласында бес қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Соның салдарынан үш пәтер түгелдей жанып кеткен. Абырой болғанда адамдар зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар іште қалып қойған тұрғындарды дер кезінде сыртқа шығарып үлгерді.
Алтынсарин көшесіндегі №1 үйдің өрттен кейінгі кейпі осы. Оқыс оқиға бүгін таңғы сағат 4-тер шамасында болған. Көпқабатты үйдің ішінен өрт шығып, үш пәтер толықтай жанып кетті. Төтеннен болған өрттен пәтерлерінен шыға алмай, үш пәтердің тұрғындары зардап шекті. Отқа оранған бір пәтердің қабырғасы ойылып, тұрғындары күйіп қалды.
— Бізге 21 адам келіп көрінді, солардың 17-не көмек беріліп, үйлеріне қайтарылды. Төртеуі — ауруханада, екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал екеуі — хирургия бөлімінде. Жан сақтау бөліміндегі баланың денесінің 35 пайызы күйік шалған. 1948 жылғы азаматша да уланып қалған. Қалғандарының жағдайы бірқалыпты, — дейді аурухананың дәрігері.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FAGL6YpxZS0[/youtube]
Төтенше жағдай қызметкерлерінің мәліметінше, тілсіз жау үйдегі ауа тартқыш құбыр арқылы жоғарыдағы пәтерлерге дейін барған. Сөйтіп, лезде өзге пәтерлерге тарап кетіпті.
Қазір үш пәтердің тұрғындары баспанасыз қалды. Олардың бірқатарын шенеуніктер жатақханаға орналастырса, енді бірі туыстарын жағалап кетті. Оқиға орнына облыс басшылары да жетіп келді. Олар үйсіз қалғандарға көмек көрсетіп, далада қалдырмаймыз дейді.
Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Қазіргі уақытта барлығын реттеп, жайғастырып қойдық, біразы ағайын-туысқандарына, біразы Кентаудағы колледждің жатақханаларына жайғасып жатыр. Ал қала әкімшілігі таңғы, түскі тамағын беріп, ұйымдастырып, бас-көз болып жатыр. Үйлерінің есіктерін ауыстырып, жаңартып жатыр.»
Қазір өңірдің төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері өрттің себеп салдары мен шығын көлемін анықтап жатыр. Сондай-ақ тілсіз жауға байланысты Кентау қаласы әкімдігінде арнайы штаб құрылды. Әзірге өрттен зардап шеккендерге азық-түлік таратылып жатыр. Алдағы уақытта қабырғасы қаусап қалған үйді күрделі жөндеуден өткізу жағы қарастырылатын болады.