Қазақстан журналистері одағының мүшесі, белгілі ғалым Болаттемір Алтаев (суретте) – тарихи және саяси тақырыптарда қалам тербеп жүрген ұлтжанды азаматтарымыздың бірі. Біз Б.Алтаевқа арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік. Сол сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Әлемдегі талай елдің тарих толқыны мен жойқынына төтеп бере алмай жойылып кеткені белгілі. Атамекенінен айырылып, әр елде босып жүргендер қаншама. Аллаға шүкір, бізде ел де бар, жер де бар. Батыр бабаларымыз бен саясаткер хандарымыздың және қазіргі таңда Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында еліміз өзінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Биыл Қазақ хандығының 550-жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұл мерейлі датаны мерекелеуде қандай саяси мәселе жатыр?
– Қазақ хандығының 550-жылдығын атап өту туралы шешімге мемлекет соңғы 4-5 жылғы тарихи зерттеулерді басшылыққа ала отырып келді. Соңғы уақытта қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты айтыс-тартыс қатты күшейіп кеткені белгілі. Кейбір шетел басшыларының да қазақ мемлекеттілігі жөнінде артық пікірлерді айтып жіберген кездері болды. Қазақ жерінде ғұмыр кешкен сақ, үйсін, ғұн және түрік тайпалары, т.б. этникалық қоғамдастықтар мен мемлекеттік құрылымдар қазақ халқының мұрагері болып табылады. Елбасы Н.Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында қазақтар мен кешегі өткен ұлы бабаларымыздың арасындағы тарихи байланысты ашып берді. Қазақтардың тарихы ғұндардан басталады деп ғылыми дәлелдерді де келтірді.
Әңгімені әріректен бастайын. Алтын Орда ыдырап бірнеше хандыққа бөлініп кетті. Ноғай ордасындағы қазақ тайпалары Қазақстан жеріне өте бастады. Сібірден Каспий теңізі арасында көшпелі Өзбек хандығы өмір сүрді. XV ғасырда өзбек мемлекетін билеген Әбілқайырдан іргесін бөліп, Керей мен Жәнібек сұлтандар өзіне қарасты тайпаларды ертіп, Моғолстан хандығына келді. Сөйтіп осы хандықта, яғни Шу өзені бойында Қозыбасы деген жерде (Алматы және Жамбыл облысының қиылысы), 1465 жылы қазақ хандығының туын көтеріп, тәуелсіз мемлекет болды. Осы оқиғаны қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшысы, тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады», – деген екен. Моғолстан ханы Есенбұғаға келіп жер сұраған Жәнібек пен Керейдің келіссөздеріне Мұхаммед Хайдардың әкесі қатысқан. 1499 жылы дүниеге келген Мұхаммед Хайдар қазақ хандығының құрылу тарихын өз әкесінен есітіп білген.
Жәнібек пен Керейдің соңынан өзбек мемлекетінің ханы Әбілқайыр неге қуып келмеді деген заңды сұрақ туады. Әбілқайыр өз әскерімен Моғолстан мемлекетінің территориясына енсе, онда ол көрші мемлекеттің егемендігіне қол сұғу ретінде қабылданар еді. Бұл, сөзсіз, екі мемлекеттің арасындағы шайқасқа алып келер еді. Бұл кезде Моғолстанның әскери күш-қуаты жоғары болатын. Моғолстан, негізінен, ұлы жүз қазақтарынан тұратын мемлекет-тұғын. Сондықтан, қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан айтқандай, Жәнібек пен Керей үйсін – дулаттан күш алып өз мемлекетін құрды.
Осылай Керей мен Жәнібек барлық қазақ тайпаларының басын біріктірген тұңғыш мемлекет билеушілері еді. XV ғасырда өмір сүрген ғұлама емші Өтебойдақ Тілеуқабылдың жазған еңбегінде: «Қазақ – толықсыған ел болды», – деп сол уақыттың еншісін дәл бейнелеген.
– Қазақ халқында сақталған батырлар жыры ауыз әдебиетінің бай жанрларының бірі де бірегейі. Халық өнерінің тұтас бір дәуірін қамти отырып, сол тарихи кезеңде сыртқы жаулар бетін қайтарып, батырлардың жеңуі жастарымызды отаншылдыққа тәрбиелейтін жанр. Батырлар жырының озық үлгілерінің басты кейіпкері – Алпамыс батырға Шымкентте ескерткіш орнатылды…
– Сіз дұрыс айтасыз, батырлар жыры, соның ішінде «Алпамыс» жыры – тарихтың бір бөлігі. Ол, сөз жоқ, жастарды отаншылдыққа тәрбиелейді. Мәселен, көрші Қырғыз елінде екі баланың бірі «Манас» жырын жатқа айтады. Міне, бұл – патриотизм. Батырлар жырында қамтылатын тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар жыр мен тарихтың жарқындығын көрсетеді.
«Алпамыс» жырын жақсы зерттеген Р.Бердібай ондағы қамтылатын оқиғалар қазақтарға жақын екенін білген. 1899 жылы Қазан баспасынан «Алпамыс батыр» қазақ тілінде алғаш жарық көрген. ХХ ғасыр басында Ә.Диваев қарақалпақ Ж.Бекмухамбетовтен, Шымкент уезінің қазағы Е.Ақынбековтің қолжазбасынан «Алпамыс» жырының үлгілерін алып, қазақ және орыс тілдерінде басып шығарды. 1930 жылдары С.Сейфуллин «Алпамыс» жырының Қазан нұсқасын қайта бастырды.
Ленинградтық ғалым, академик В.Жирмунский өткен ғасырдың 40-жылдарының аяғында «Узбекский героический эпос» атты ғылыми монография шығарғаны бар. 1956 жылы Ташкент қаласында Алпамыс батыр жөнінде үлкен халықаралық дәрежеде арнаулы ғылыми конференция өтті. Шамасы, осыларды негізге алған өзбекстандық әріптестерге жергілікті билік жақсы көмек жасаған болуы керек. Бауырлас ел тарапынан жасалып жатқан осындай қадамдарды көрген Р.Бердібайдың кезінде Жетісайда көтерген түркі халқына ортақ, соның ішінде қазақтарға өте жақын Алпамыстан айрылып қалмау жөніндегі мәселесі – дұрыс қадам.
– Тарихымыздың өткені мен бүгінін сабақтастырсақ деген ойым бар. Былтыр ғана Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың 120 жылдығы атап өтілді. Кезінде Т.Рысқұлов жөнінде республикалық деңгейдегі баспасөз беттерінде жарық көрген жөнсіз мақалаларға қарсы батыл қасқая тұрған Сіз болдыңыз…
– Рысқұлов Москвада тұрған және партияның Орталық комитетінің номенклатурасына енген азамат. Номенклатурада тұру деген екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол – Орта Азия округі бойынша номенклатурада тұрған жалғыз өкіл. Рысқұловтың қазақ халқын ашаршылықтан аман алып қалуының өзі неге тұрады?! Сталинге кіріп мән-жайды баяндаған. Содан соң Сталинның тапсырмасымен мемлекет тарапынан аштыққа ұшыраған Қазақстанға 1 миллион пұт астық жіберілген. Бірақ тұрғындарға бөлінген астықтың 15 пайызы (111 066 пұт) ғана кедейлерге жеткен. Қалған астық жергілікті жерлерде «бармақ басты, көз қыстының» әрекетімен талан-таражға түсіп кетті. Егер бөлінген астық кедейлерге толық жеткенде, қазақ ауылында соншалықты трагедия орын алмас еді.
– Тұрар – Ұлы тұлға ғой. Осы Ұлы тұлғаға теріс пікірлер легі неге тоқтамайды? Бұл тұрғыда не құпия бар?
– Тұрардың қоғамдық-саяси қызметіне қарсы жасалған кампания сегіз рет орын алды. Біріншісі – патшалық Ресейге қарсы Әулиеата уезіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсындағысы. Ұлт-азаттық көтерілістің бел ортасында болған Тұрардың іс-әрекеті туралы патша «охранкасына» Азимхан Кенесарин, Қарабай Әділбеков (кейіннен бұл екеуі Алашордаға мүше болған) «сыпсың» жеткізген. Рысқұлов патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы шыққан тұлға екені осы жерде көрініп тұр.
Екінші «сыпсың» 1917 жылы Уақытша Үкімет тұсында жеткізілді. 1916 жылғы «ұлт-азаттық көтеріліс» тұсында Мерке уезінде тұратын орыс бай-кулактарының шаруашылықтары талқандалады. Міне, осы орыстың кулактары қазақтардан өздеріне контрибуция (мал шығынын ақшалай) төлеуді талап етеді. Жиналыстың ортасына келген Тұрар қазақ шаруаларының орыс кулактарына ешқандай алым-салық төлемейтінін айтады. Тұрардың бұл әрекетіне ашуланған жергілікті билік полициялардың бақылауымен үй қамауына жібереді. Ертесіне жергілікті комитеттің сұрағына шақырылғанда, орыс бай-кулактары мен жергілікті бай-болыстар Тұрарды жолда өлтіріп жіберуге сәл-ақ қалады. Тек прапорщик Бекчурин аспанға оқ атып, Тұрарды аман алып қалады.
Рысқұловтың саяси қызметі партия нормасына келмейді деп үшінші «сыпсыңды» Ленин, Фрунзе және Куйбышевтың аттарына Түріккомиссия мүшелері жіберді.
Төртінші «сыпсыңды» Мәскеуге 1920 ж. Бакуде өткен Шығыс халықтарының съезінен кейін Ташкент, Түркістан Республикасының басшылары жібереді.
Бесінші «сыпсыңды» Рысқұловтың үстінен Москваға Қазақстанды басқарған Голощекин жібереді. Тұрар Қазақстанда орын алған қазақ ауылындағы байларды тәркілеу саясатының асыра сілтеушілікке ұласып бара жатқанын сынаған болатын. Ойбайлаған Голощекин «рысқұловщина» терминін ойлап тауып, Сталиннен араша сұрайды.
Алтыншы «сыпсың» Голощекиннен кейін Қазақстанды басқарған Мирзоянның тұсында орын алды. Ол баяғы «рысқұловщина» мәселесін қайта көтеріп, Сталинге хат жазды.
Жетінші «сыпсың» 1956 жылы Рысқұлов ақталған соң, қайтадан «халық жауы» деген терминді қолданып, Москваға, Алматыға жазылған арыз болды.
Сегізінші «сыпсың» – Қазақстан Тәуелсіздік алған соң 2000-шы жылдардан бастап Т.Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметін жоққа шығарғысы келгендер «сасыған» сипаттағы материалдарын баспасөзде жариялай бастады. Бірақ Рысқұловқа қарсы қанша «сыпсың» жасалса да, оның тұлғасы бұрынғыдан да биіктей түседі.
– Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы уақытта қамтылмай қалған тақырыптар төңірегінде сізбен тағы да сұхбатымызды жалғастырамыз деген ниеттеміз.
Сұхбаттасқан – Әсет ӘССАНДИ
«Оңт.стік Рабат», №23, 10.06.2015