Оңтүстік жері жанға — сая, тәнге — дауа!

Жаз жетіп, еңбек демалысының маусымы басталды. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен шаршаған жұрт бір ауық таза ауа жұтып, бой сергітіп, қоршаған орта кереметін көзбен көрмекке табиғат аясына демалысқа шығуды жоспарлайды. Отбасымен, дос-жаран, туған-туыстарымен бас қосып, жасыл-желекті, бұлағы мол, өзені сарқыраған, салқын самал желі ескен мекендерге сауық құрады. Міне, сондықтан бұл мақала алдағы күндерде табиғат аясына шығуды жоспарлағандардың қажетіне арналады.

22-016

Табиғат аясына  шығуды ұйымдастыруды ойға алған сәттен бастап, оған қам-қарекет жасай беріңіз. Ең алдымен, қашан және қайда баратындарыңызды шешіп алыңыз. Оңтүстіктің жері мен табиғаты әсем. Тауы да, нуы да, суы да мол мекендері баршылық. Сондықтан да мекен таңдағанда оның қаладан қашықтығын, автокөлік жолының сапасын, ондағы келушілерге жасалған жағдайдың ыңғайлығына мән беріңіз. Сапарлау мерзімі мен орнын таңдау кезінде сол күнгі ауа-райының қандай болатынын ескеру керек. Күннің райына қарай әрекет етесіз. Ауа-райы болжамын www.gismeteo.kz сайтынан қарап білсеңіз болады.

Табиғат аясына шығып, сейіл құрудың шартты екі түрі бар. Біріншісі, барлық қажет құрал-жабдық, ішер ас-суды өзіңізбен бірге алып шығу. Мұндайда қажетті жерге жеткен соң, барлығын өзіңіз ұйымдастырасыз. Ал, екіншісі, арнайы әзірленген демалыс аймақтарына бару. Онда жатын үй, дәмхана-мейрамхана, хауыз бен ойын алаңқайлары болады. Алдын-ала баратын бағыт та белгіленіп қойылған. Сәйкесінше, демалыстың бұл түрі біріншісіне қарағанда қымбатқа түседі.

22-017

Шымкент халқы көбіне Төлеби, Бәйдібек, Сайрам, Қазығұрт және Түлкібас аудандарындағы демалыс аймақтарына барады. Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы мен Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи саябағына да  көп сейіл құрады.

Сонымен, Оңтүстік жұртшылығының облыс аумағынан сыртқа шықпай-ақ, табиғатпен үндесуіне болатын мекендерге кеңірек тоқталсақ…

Толықтай біздің облыс жерінде жатқан Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағына Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандары кіреді.Жеті бірдей туристік соқпағы бар.

22-015

Туристік соқпақ ақысы — 398 теңге. Оқушыларға 50%, ал студенттерге 25% жеңілдік жасалады. Әр соқпақтың өз бағыты бар.

№1 бағыт – Мақпал көлі. Атқа мініп, аралайсыз. Өгем кордонының жотасынан басталып жол жөнекей Диірменбастау шатқалын басып өтеді. Ұзақтығы – 45 шақырым.

№2 бағыт –Сусіңген көлі. Жаяу да, атпен де аралауға болады. Өгем кордонынан бастап ары қарай Айғыржыққан өзені- Жаужүрек асуы–Ақкөйлек шатқалы – Тоғытба асуына бірақ шығасыз. Ұзақтығы — 31 шақырым.

22-018

№3 бағыт – Сазан ата өзенінің петроглифтері. «Альтекс» СТФ кемпингі — Сайрамсу өзені – Сазаната жылғасы — Сілбілі көлі — Сазан ата бастауын қамтиды. Ұзақтығы -12 км.

№4 бағыт – Сайрамсу көлі. «Альтекс» СТФ кемпингінен бастап – Сайрамсу өзені- Кырчищлы –жылғасы, Көпжайлау жылғасы, Сайрамсу көліне дейін созылып жатыр. Ұзақтығы – 14 шақырым.

№5 бағыт – Сарыайғыр өзені–Сусіңген көлі – «Южная» туристік базасы. Сарыайғыр өзенінің кордонынан басталып – Сарыайғыр өзені– Мыңжылқы шатқалы–Тікенек – асуы, Ақбұрхан – өзені, Ұлыжұрт асуы, Кішіжұрт асуы, Қырыққыз  шатқалы, Бадам өзені – Бадам кордонына дейін жалғасады. Ұзақтығы – 72 шақырым.

№6 бағыт – Бозторғай өзені. Жаяулатып, Боралдай тауынан асып, Бозторғай өзеніне жетесіз.  Ұзақтығы -72 шақырым. Альпинисттердің сүрлеуі.

22-013

№7 бағыт – Владислав шыңы. Жаяулатып,  «Альтекс» СТФ кемпингі — Сайрамсу  өзені, Көпжайлау өзені (жабайы альпинистер шатқалы) –Снежный асуы (3350 м), Владислав шыңына (3632) дейін жалғасқан. Ұзақтығы – 30 шақырым. Альпинистердің сүйікті орны.

Киіз үйдің бағасы күніне 5-20 мың теңге аралығында. Коттедждер 15-50 мың теңге шамасында жалға беріледі. Қонақүйдің ақысы тәулігіне бір орынға 1500 теңгеден. Күніне 3 мың теңге төлеп, тапшан алсаңыз да болады.

Жол талғамайтын автокөліктер, квадроциклдер жалға беріледі. Сағатына 250 теңге төлеп, салт атпен серуендейсіз.

22-019

Сайрам-Өгем табиғи саябағының ұсынатын тағы бір қызметі, адамдарды қаладан алып кетіп, қайта қалаға жеткізіп салады. Бұл үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы әкімшілігіне хабарласып, саяхаттау күні мен адам санын айтасыз. Көлікпен тасымалдау құнын адам санына қарай белгілейді. Табиғи саябақтың демалыс аймағы қаладан орта есеппен 70 шақырым қашықта орналасқан.

Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы да қонақтарға қажетті қызмет  түрлерін ұсынады.

Бұл табиғи саябақтың  Боралдай, Түркістан және Сырдария атты үш филиалы бар. Қонақүйлердің бағасы тәулігіне 4000 теңге, шатыр мен екі қаптөсек бір күнге 500 теңгеге беріледі. Ешқандай қызмет көрсетілмейтін киіз үйді күніне 1000 теңгеге, ал қызмет көрсететілетін киіз үйді 5000 теңгеге аласыз. Мемлекеттік инспектор-гидтің қызметақысы – 1200 теңге.

Шағын автобус керек болса, сағатына  2000 теңгеге түседі. Қайықпен жүзуге де болады. 15 минут жүзу ақысы – 1000 теңге. От жағып, кәуап дайындауға керекті сексеуілді қаладан өзіңізбен бірге алып барудың қажеті жоқ. 200 теңге төлесеңіз, бәрін жеткізіп береді. Тапшандардың ақысы сағатына 3000-6000 теңге. Вагон-будканың құны тәулігіне 5000-10000 теңге аралығында.

Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының да бірнеше туристік соқпақтары бар. Атап айтқанда, Теректі ауылы маңы – Теректі шатқалы. Оның ұзақтығы 10 шақырым. Бұл соқпақпен жаяу, атты, автокөлікпен жүріп өтуге болады. Киелі орын, көрікті табиғат ландшафттары, сан алуан өсімдіктер мен жануарлар әлеміне бай.

Екіншісі, Боралдай шатқалы – Тұра жартасы 3 шақырымға созылады. Жаяу, атты, автокөлікпен жүріп өтуге болады. Үлкен Тұра тасының тамаша көрінісі, Боралдай өзенінің аңғары, сан алуан өсімдіктер мен жануарлар мекен етеді.

Үшіншісі, Шұқыршақ ауылы маңы – Шұқыршақ сарқырамасы, ұзақтығы – 3 шақырым, жаяу жүріп өтуге болады. Шұқыршақ шатқалының жабайы табиғаты, қайталанбас террассалы сарқырама көрінісін көруге болады.

22-014

Төртіншісі, Қаражан сайы – Орта Сүңгі шатқалы 7,5 шақырым ұзындықты алып жатыр. Жүріп өту түрі – жаяу, атты, автокөлікпен де болады.

Бесіншісі, Сүңгі өзені – Аяқ Сүңгі шатқалы ұзақтығы 12,5 шақырым, жаяу, атты, автокөлікпен жүріп өтуге арналған. Аяқ Сүңгі өзенінің аңғары және таулы тоғайлар, сан алуан өсімдіктер мен жануарлар әлеміне бай.

Алтыншысы, Қызылшаруа елді-мекені – Бұхар бұғысының тұқымбағы ұзақтығы – 8,5 шақырымды алып жатыр. Жаяу, атты, автокөлікпен жүріп өтуге болады.

Жетіншісі, Шардара су қоймасы маңы – Байырқұм көпіріне дейін ұзақтығы – 90 шақырым. Тек автокөлікпен жүріп өтуге болады.

Бір шеті Түлкібас ауданының жерін қамтитын Ақсу-Жабағылы қорығының туристік соқпақ бағасы, бір күнге – 385,2 теңге. Оқушылар мен студенттерге жеңілдіктер бар. Бұл жарнаға қорық аумағына аралау кіреді. Автокөлік жалдауға да болады. Жеңіл автокөліктен бастап, шағын автобусқа дейін ұсынады.

Адам басына бір сағатқа 1800 теңгеден 2600 теңгеге дейін төлейсіз. Салт ат беріледі. Оның бағасы сағатына бір адам үшін 450 теңге. Қонақүй қызметін ұсынады. Бір орынның құны нөмір санатына қарай адам басына 6-8 мың теңге айналасында.

Мінеки, оқырман, жаз мезгілінде қаладан кетіп, тау-тас, өзен-көл араламақ болсаңыз, осы деректерді қаперіңізге ала жүріңіз.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №22, 03.06.2015