Мұғалімдер ұзақ мерзімді демалыстарында сақтандыру мәртебесін жоғалтпаулары тиіс

35

 

Мұғалімдер ұзақ мерзімді демалыстарында сақтандыру мәртебесін жоғалтпаулары тиіс. Өкінішке орай, ұстаздардың 56 күндік еңбек демалыстарында ай сайынғы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бір айға аударылып, келесі айына жарна түспейді. Бір айлық төлемнің түспеуі салдарынан білім саласының мамандары сақтандыру мәртебесінен айырылып, МӘМС аясындағы тиісті медициналық көмекті ала алмай қалатын жағдайлар жиі орын алуда.

Өзекті мәселені шешу жолдары бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен өткен жиын барысында қызу талқыланды. Кездесуге аудан әкімдіктері мен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілдері, қалалық білім және еңбек инспекциясы басқармасының, денсаулық сақтау басқармасының басшылары және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілдері, колледж және мектеп директорлары қатысты.

Жиын барысында атап көрсетілгеніндей, демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтитын болғандықтан, міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін кезеңдерге бөлу қажет. Осы мәселені қадағалауға байланысты тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Алдағы уақытта білім мекемелерінің есепшілері төлем тапсырмаларында жарнаны әр айға жеке белгілеп аударулары тиіс.

МӘМС – әлеуметтік бағдар! Біздің мақсат – барлық азаматтарға сапалы медициналық көмекті қолжетімді ету. Өз тарапыңыздан сақтандырылу жүйесінде өз мәртебеңізді біле жүріңіз.