2 маусым күні Қазақстан бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Білім сынағының алғашқы күні Оңтүстікте он тест тапсыру бекеті жұмыс істеуде.
Мұнда 4800 түлек тестілеуге кірді. Біздің түсірілім тобы қаладағы фармацевтикалық академиядаға пункте болып, бітірушілермен тілдесіп қайтты. Түлектер сынаққа сақадай сай, он бір жыл бойы алған білімдерін дәлелдейтін уақыттың жеткенін мойындайды. Сондықтан болар, ұстаз бен ата-ана сенімін ақтауға дайын болып келген. Көңілдері көтеріңкі, тек ата-аналарында қобалжу басым.
Әрбір тест тапсырушы қатаң тексеруден өтті. Мұндағы мақсат сынақтың таза өтуі дейді білім және ғылым министрлігінен арнайы келген комиссия төрағасы. Тексеру құрылғысы түлектердің қалтасындағы ұялы телефонды тауып алды. Жіті тексеруден өткен талапкерлер аудиторияларға жіберілді.
Айта өтейік, биыл Оңтүстікте 30 982 бітіруші түлек бар. Оның тең жартысы ҰБТ-тапсырады. Облыс бойынша 1081 бітіруші «Алтын белгіден» үміткер.
Айтпақшы, биыл тест нәтижелері тест тапсыру орындарының алдына ілінбейді. Тест тапсырып шыққан әрбір бітіруші тест орталығының сайтынан көре алады.
Серік Әуесханов, ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Биылғы өзгеріске байланысты тест нәтижелері ілінбейді. Түлек www.testcenter.kz ұлттық тестілеу орталығының сайтына кіріп, жеке тіркеу кодын және ЖСН нөмерін теріп, өз нәтижесімен таныса алады. Бұл психологиялық тұрғыдан тиімді деп шешілген. Ал сынақ тапсыруға кірген түлектерге сәттілік тілеймін. Олардың әрқайсысы алдын ала дайындықтан өткен, шешуші тестке дейін жеті не тоғыз рет тест тапсырған. Арнайы ережелермен де таныс».