Оңтүстікте 2 адам конго-қырым қанды қызбасына шалдығып, қайтыс болды. Бұл жөнінде облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшылығы мәлімдеді.
Қазір марқұмдармен қарым-қатынаста болған жандар қатаң медициналық бақылауға алыныпты, енді олар 14 күн бойы дәрігердің ем-домын алады.
Аталған департаменттің мамандары қайтыс болған науқастар жөнінде қосымша ақпарат беруден бас тартып отыр. Әзірге белгілі болғаны — екеуі де ер адам. 42 жастағы азамат — Мақтаарал, екінші 51 жастағы кісі Ордабасы ауданының тұрғыны. Ақ халаттылар қайғылы жағдайды нуқастар дер кезінде медициналық көмекке жүгінбегенінен көреді.
Жұмағұл Медетов, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары: «Эпидемиологиялық тексеру жүргізу нәтижесінде анықталғаны — науқастар дәрігерге уақытында қаралмаған. Мысалы, Мақтааралдағы науқас 4 күн бойы ауырғаннан кейін үйінде жатып, 5-күні аурухана келген. Науқас уақытында, дер кезінде емханаға келгенде, оған диагноз қойылып, уақытында арнайы ем жасалатын еді. Себебі аурудан жазылып кету мүмкіндігі бар».
Айта кетейік, биыл конго-қырым қанды қызбасы ауруына шалдыққан 4 адам тіркелген. Жуырда өңіріміздің аумақтарына арнайы сараптамалық зерттеу жүргізген мамандар қауіпті ауруды туғызатын кенелер барлық ауданда кездесетінін айтты. Сондықтан табиғат аясында серуендеуге шыққанда сақ болуды ескертеді.