Өткен ғасырдың 30-40-ші жылдарында жер аударылып, қазақ арасына келген ұлттардың бірі – әзірбайжандар. Әзірбайжандарды Қазақстанға және Орта Азия елдеріне күштеп қоныстандыруды тарихи ретпен үш кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең, 1929 жылы жаппай ұжымдастыру кезінде жүрді. Сол уақытта бай-кулак деп қаншама адамды көшіріп әкелді.
Екінші кезең, 1932 жылға тура келді. Кеңес билігі Арал ауданына 600 әзірбайжан отбасын көшірді. Арал теңізі маңына келіп түскен халық мұндағы қыстың қақаған аязына шыдамай, жаппай қырыла бастады. Ақырында бар-жоғы 200 әзірбайжан отбасы қалады. Оларды кейіннен Жамбыл облысы мен Қырғызстанға көшірді. Ол кез – қазақ даласында аштық жайлаған уақыт. Тұтас ауылдар аштықтан қырылып жатты. Сталиндік жүйе қаншама адамды жоқ қылды. Көптеген әзірбайжандар кейін қарай өз Отандарына қашқанымен, оларды ұстап алып, түрмеге жапты.
Үшінші кезең, 1937 жылы жүрді. Сол жылы саяси репрессия шегіне жетті. Қазақ жеріне көршілес елдерден вагондармен депортацияға ілінген халықты әкеліп жатты.
Бүгінде облыстық әзірбайжан этномәдени орталығы төрағасының орынбасары қызметіндегі Арзу Арифқызы өз атасы Алиякбар Ибрагимов әңгімесін былай деп еске алады.
Менің атам бес ағайынды болған. Оларды аяқ астынан апыл-ғұпыл машиналарға тиеп, басқа ауданға алып барады. Ол жақта он күн ұстайды. Осы уақыт аралығында жан-жақтан «өзгеше ойлайтындарды» жинап, барлығын тауар вагондарына мінгізеді. Әр вагонда он отбасыдан болыпты. Ұзақ жол үстінде қарттар мен балалар көз жұмады. Оларды көмуге рұқсат бермейді. Вагондағы күзетші солдаттар қайтыс болғандарды вагон есіктерінен сыртқа лақтырады.
Тірі қалғандарын сол кездегі Шымкент облысының Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылына әкеліп, орналастырады. Жергілікті қазақтар үйлерінен орын беріп, қолындағы барымен бөліседі.
Ұлы Отан соғысы басталған тұста басқа да депортацияланған халықтар сияқты әзірбайжандарды да соғысқа алмайды. Тек, 1943 жылы ғана еңбек армиясына шақыра бастайды.
Арзу Арифқызы, ОҚО әзірбайжан этномәдени орталығы төрағасының орынбасары:
– Облысымыздағы әзірбайжандардың барлығы дерлік қазақ тілін жақсы біледі. Біз осында туып-өстік. Келешек күндерімізді тек Қазақстанмен байланыстырамыз. Әзірбайжандар ауылшаруашылығына бейім. Қазір облысмызда фермерлік шаруашылықпен айналысатындар көп. Дәрігер, білім беру саласында да еңбек етеді.
Соғыс аяқталып, бейбіт өмір жеткеннен кейін осында тұрақтаған әзірбайжандар ел қатарлы тіршілікке араласады.
Бүгінде облысымызда әзірбайжан этно-мәдени орталығы жұмыс істейді. 1999 жылдың қараша айында құрылған орталықты Магеррамов Матлаб Ахмедоглы басқарады.
Статистикаға сенсек, қазір Оңтүстік Қазақстан облысында 32 мың әзірбайжан тұрады. Ал, Шымкент қаласында олардың саны – 10 мың адам шамасында. Мақтарал, Түлкібас және Сайрам ауданында әзірбайжандар тығыз қоныстанған. Ол жақта әзірбайжан тілін үйрететін жексенбілік мектеп ашылған.
Орталықтың ішінен жастар ұйымы ашылған. Жастардың көмегімен «Арзу достлугу» атты би тобы құрылып, бүгінде әр түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп келеді.
Әр жылы «Әзірбайжан халқының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» өткізіледі.
Бүгінде әлемнің көп елінде Әзірбайжан диаспорасы бар. Қазақстандағы әзірбайжандардың саны 200 мың адамнан асады. Олардың дені Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Талдықорған облыстарында қоныстанған. Астана мен Ақтау қалаларында да тұрады. Репрессия жылдарынан кейін, бертінде экономикалық себептермен Қазақстанға көшкен әзірбайжандар да болды. Атап айтқанда, өткен ғасырдың 50-60 жылдарында Әзірбайжан ССР-нен Қазақстанға 15 мың адам көшіп келген. Олардың басым бөлігі тың игерушілер еді.
Магеррамов Матлаб Ахмедоглы Бакуден әзірбайжан халқының тарихы мен салт-дәстүріне қатысты көптеген кітаптар әкелген. ОҚО өлкетану мұражайына әзірбайжан халқының ұлттық болмысынан сыр шертетін көне ыдыстар, кітаптар, ұлттық киім үлгілері мен ұлттық музыкалық аспаптар тапсырыпты.
Әзірбайжан халқы да Наурыз мейрамын асыға күтіп, барынша сан-салтанатымен тойлайды. Наурыз мейрамына дайындық бір ай бұрын басталады. 21-22 наурыз – Күн мен Түннің теңелген сәтіне төрт апта қалғанда әр аптаны сәйкесінше Табиғат күштеріне бөледі. Әр аптаның сейсенбі күніне ат қойылады. Бірінші сейсенбіні: Су Чершенбе (Судағы сейсенбі), екіншісін: От Чершенбе (Оттағы сейсенбі), үшіншісін: Топраг Чершенбе (Жердегі сейсенбі) және төртіншісін: Ахыр Чершенбе (Соңғы сейсенбі) деп атайды. Бұл атаулардың барлығы Табиғаттың күшіне бас иіп, құрмет көрсетуден пайда болған. Мұндағы Ахыр Чершенбенің мәні, өсімдік атаулыға деген құрметтен тұрады. Егін бітік шығып, өнім мол болсын, деген тілекті білдіреді. Бұл Соңғы сейсенбінің маңызы зор. Осы күн әралуан салт-дәстүрлерге толы. Барлық жамандық атаулы Ескі жылмен қалсын, деп тілек етеді.
Сэмэни атты діни ас дайындайды. Мейрам күні отбасының барлық мүшелері бір шаңырақ астына жиналады.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №21, 27.05.2015