Облыста азық-түліктің таңбалануы талаптарға сай емес

485

Күнгейде азық-түлік тауарларының таңбалануы талаптарға сай емес. Бұл туралы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері мәлімдеді. Санитар мамандар сырттан тасымалданып жатқан тауарлар кеден одағының техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтінін анықтаған.

2015 жылдың наурыз айында облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті өкілдері өңірдегі азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізген. Дүкен сөрелерінен 133 сынама алынып, 41-і таңбалау бойынша талапқа сай келмейтіні анықталыпты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=OEdE3pnY0R4[/youtube]

Нәтижесінде заңсыздыққа жол берген кәсіпкерлерге ескерту берілді. Сала мамандары келер жолы ескерту ескерілмесе, заң аясында айыппұл саламыз деп отыр.

Қазір департамент зертханасында жергілікті сауда орындарынан жиналған ет, сүт, кондитерлік өнімдерден алынған сынамаларға бактерелогиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Мамандар азық-түлік өнімдерінің кеден одағының техникалық регламент талаптарына сәйкестігін анықтайды. Сондай-ақ тауарлардың құрамында ауру туғызғыш микроағзалардың бар-жоғына да көз жеткізбек.

Санитар мамандардың сөзіне сенсек, шетелден әкелінетін барлық азық-түлік тауарларында ЕАС белгісі ғана емес, өнімнің сақталу мерзімі, құрамы сияқты мәліметтер мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Алайда, бұл талаптар назардан тыс қалып отыр.

Кеден бекеттеріндегі тексеру шараларының әлсіздігінен сауда нүктелерінде талапқа сай емес тауарлар саны артқан. Сондықтан департамент басшылығы кедендік бақылауды пысықтау үшін мемлекеттік кірістер комитетіне ұсыныс жасамақ.