Озған да жоқпыз, тозған да жоқпыз…

23-002Балалық шақтың бал кезі

Несін жасырамыз, бәріміз де «жусаны мен жуасы бұрқыраған» ауылда туып-өстік. Бұлақтың суын кәдімгідей қана ішіп, қолымызға бір-бір кесек қант ұстап кетіп, ойынға бас салып кірісетін кездеріміз естен еш шығар емес. Өзіміз сияқты ауылдың қарадомалақ балаларымен жарыса жүгіріп, шаңға сүңгіп кіріп кететінбіз. Аунап-қунап шыққан соң, асыққа бет бұратынбыз. Одан кейін ең сүйікті ойынымыз – футбол ойнайтынбыз. Шаршау дегенді білмейтін бал дәуреніміз-ай!

«Го-о-о-ол!» деген сиқырлы бір сөз үшін бүкіл әлемді ұмытатын сәттер-ай! Бойымыздағы шаршауымызды осы бір ғажап ойын ұмыттыратын да жіберетін. Доп қуғанда, тіпті, күннің батқанын да байқамай қалатын кез аз болмады. Көкті қара түнек басып, аяғымыз әбден талып, шама қалмай бара жатқанда ғана есімізді жиып, үйіміздің, уайым-сарсаңға салынып күтіп отырған ата-аналарымыздың, апа-аталарымыздың бейнесі көз алдымызға елестейтін. Содан соң ғана басымыз салбырап, үйге қарай бет түзейтінбіз.

– Е, көгермегірлер! «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген. Беттеріңе бес ит тойғандай ғой?! Кәне, түс алдыма, – деп, әжелеріміз бір шыбықпен айдап, кіргізіп жіберетін. Сонда кешкі тамағымызды ішер-ішпес дастархан басында талып құлайтынбыз.

– Мынау менің қойымды бағып келгендей ғой, – деп қоятын қайран апам.
Иә, футболды бала кезімізден жақсы көрдік, ол ойынға, тіпті, ғашық едік. Әлемдік деңгейде КСРО құрамасының айнымас жанкүйері болсақ, бүкілодақтық біріншілікте «Қайрат» командасының қақтығыстарын асыға күтетінбіз. Енді, міне, өстік-өндік – заман да, адам да өзгерді. Ал, футбол болса, әлі де санамызды жаулап жүр. Бүгінде бұл ойынды өзіміз ойнамасақ та, жан-тәнімізбен «Ордабасы» командасының жанкүйеріне айналдық. Қазақстан құрамасының ойындарын да қалт жібермейміз.

Есейгенде естігеніміз…

Биылғы жаз айлары басталмай жатып-ақ дүниежүзілік үлкен футбол дүр сілкінді. Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясы (ФИФА) айналасындағы дау-дамай оның атқару комитеті 7 мүшесінің тұтқындалуына апарып тіреді. Бұл оқыс оқиға халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқан Швейцарияның Цюрих қаласында орын алған еді. АҚШ-тың пәрменімен ұйымдастырылған осынау әрекет ФИФА президенті Йозеф Блаттерге қарсы бағытталған қысымның бір түрі болатын. Өйткені, саясат пен спорттың ара жігін айыруды әдеттенген федерация басшысы 2018 жылы Ресейде өтуге тиіс әлем чемпионатының орнын ауыстыруға өз келісімін бермей қойғанға ұқсайды. «Даудың басы – Дайрабайдың ала сиыры» деген осы шығар.

23-001Бет қаратпаған Блаттер

Бірқатар тұтқындаулардан кейін өткен ФИФА президентінің сайлауында өзінің жалғыз қарсыласынан басым дауысқа ие болған Й.Блаттер қатарынан бесінші мәрте федерация президенті болып сайланды. Яғни, спорт саясаттан басым түсті деуге болатындай-ақ. Күтпеген жерден сілкініп қалған футбол қауымдастығы өзінің бұрынғы арнасына қайта түсіп, жұмысын бұрынырақ белгілеген бағытта жалғастыра түседі деген сенім мол болды. Өйткені, сайлаудан соң өткен баспасөз конференциясында Блаттердің өзі бұл сенімді нықтап кеткен еді. Алайда…

Төбеден жай түскендей…

Блаттерге сенім жүгін артқан федерация президентінің сайлауынан кейін төрт күн өтер-өтпес Швейцариядан жайсыз хабар жетті. Йозеф Блаттер кенет өзінің отставкаға кететінін мәлімдеп, келесі президентті федерация конгресі сайлауға тиіс деді. Мұндай конгресс биылғы желтоқсан айы мен келесі жылғы наурыз айы аралығында өз жұмысын бастай алады. Оған дейін президент міндетін атқару Блаттердің өзіне жүктеліп отыр. Ұзын-ырғасы 1998 жылдан бері федерация билігінің тізгінін қолынан жібермей жүрген Блаттердің бұл мәлімдемесі талайды таң қалдырса да, ол өз дегенінен қайтпайтынын білдірді. Сол сол екен, бірқатар ұлттық футбол федерациялары 2018 жылы өтетін әлем чемпионатының орнын ауыстыруға мүдделі екенін айтып та үлгерді. Олардың арасындағы ең белсенділері ағылшындар болып отыр.

Енді не болады?

Бұл жерде оқиға күтпеген арнаға бұрылып кетуі де ғажап емес. Дегенмен, біздің білетініміз, миллиондаған қазақ азаматының сүйікті ойынына айналған футбол ешқашан да құрдымға кетпейді. Өйткені, қазіргі балаларымыздың да баяғы өзіміз сияқты көз ашқалы ойнайтын ең сүйікті ойыны – осы футбол. Кім не десе, о десін, балаларымызды футболдан ажыратып алу әзірге қиынға соғатын іс. Сондықтан шығар, футбол айналасында әлем деңгейінде қозғалған әңгімелерге қарадомалақ балаларымыз аса ден қойып, қайғырып жатқаны шамалы. Ал, өзімізге келсек, халықаралық федерацияны Блаттер басқара ма, сайлануға ниет білдірген бразилиялық атақты футбол шабуылшысы Зико басқара ма, әзірге ешкім танымайтын бейтаныс біреу басқара ма – бәрібір. Ең бастысы футбол ойыны тоқтамайтыны белгілі!

Әсет ӘССАНДИ

«Оңтүстік Рабат», №23, 10.06.2015