24-011

Оқырмандарымыздың бізге жиі қоятын сұрақтарының бірі: «Газеттеріңіздің аталуында «Рабат» сөзі қолданылған. Ол не мағына береді?» Орынды сауал екенін мойындай келе біз Оңтүстік Қазақстан облысының қос ауданында орын тепкен екі елдімекенге жол тарттық. Алғашқы аялдамамыз Қазығұрттағы Рабат ауылы болды.

24-012

Қазығұрт ауданының орталығы – Қазығұрт ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 35 шақырым жерде, Қазығұрт тауының баурайында орналасқан Рабат ауылында бүгінде 4545 адам тұрады. Іргесі 1927 жылдары артель болып қаланып, 1932 жылдан Күйік кеңшарының орталығы болып, Фогелево ауылы аталып келді.

Оның негізінде Рабатта және округке қарасты Атбұлақ, Еңбекші, Жаңаталап, Амангелді, Қызылдала ауылдарында ӨК, ЖШС, шаруа қожалықтары ұйымдастырылған. Округте 8 мектеп, 7 мешіт, аурухана, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 кітапхана, 2 балабақша, 4 клуб, жаңадан бой көтерген заманауи монша, техникалық қызмет көрсету стансасы жұмыс істейді. Қарақозы Әбдалиев ауыл округінің орталығына айналған Рабат ауылында бүгінде көптеген игілікті шаруалар іске асып, ауыл тұрғындарына аса қажет қызметтер атқарылуда.

Ауылды аралау ауыл округі әкімдігінен басталғанын жасырмаймыз. Бізді жылы шыраймен қарсы алған әкімдіктің іс басқарушысы Әнуарбек Жұмаш пен округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сүлеймен Қалдыбай ә дегеннен ауыл тынысымен таныстыруды тарих тереңінен бастағанды жөн көрді.

24-010

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ауылдары сүзек індетіне жаппай шалдығып, халық оның емін таппай, қырылып бара жатқан тұста Түркістан генерал-губернаторы Михаил Григорьевич Черняевтің жеке дәрігері Фогель деген сол заманның білікті медицина маманы өңірімізге арнайы ат басын бұрып, ел азаматтарын бұл індеттен құтқаруға барынша кіріскен болатын. Өкінішке орай, күндердің күнінде ауыл арасын ат арбасымен аралап жүрген кезінде арбасы аударылып, Фогель күтпеген жерден қайтыс болған екен. Сол Фогельдің атымен аталып келген ауыл еліміз Тәуелсіздік алған жылдары өзінің бұрынғы атымен Рабат болып қайта өзгертілді.

Ауылдың Фогельге дейін де Рабат аталып келгенін аймақтың көнекөз қариялары мен бірқатар тұрғындары да растап берді. Әсіресе, қазақтың тұңғыш ғалым қызы Патшайым Тәжібаева атындағы жалпы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Досов пен осы оқу орны директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары, Алтыншаш Калышева бірқатар мәліметтерімен бөлісті. Ұстаздардың айтуына қарағанда, көне араб тіліндегі «рабат» («рабад», «ар-рибат») сөзі – «дуалмен қоршалған бекініс (бекет)» деген мағынаны білдіреді екен. Мұндай бекеттер бұрындары сонау Түркістан қаласынан бері әр жүз шақырым сайын салынған болатын. Бекіністерге жеткен жолаушы астындағы аттарын ауыстырып, өздері тынығып, демалып шыққан соң, жолын әрмен қарай жалғастырып жүрген.

24-009

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бертін келе бұл бекіністер (бекеттер) алдымен қоймаға, кейіннен шаруашылық мақсатындағы қораларға айналғанға ұқсайды. Кейінгі күндері қоймалар мен қоралар бұзылып, одан шыққан құрылыс материалдары жаңа дүкен соғуға пайдаланылған екен. Осылайша көненің көзі, өткен заманның куәсі болуға жарарлық бекет жайлары жер бетінен жойылып кеткен. Орны тұрғанымен, ол жерде қазір басқаша бекет – жанар-жағар май құятын станса орналасқан. Ескіліктің ескерткіші мәңгі бақилыққа кеткенімен, ел жадындағы тарих әлі де болса өшпек емес, соған көзіміз жетті.

24-008

Көпұлтты Рабат ауылында (бұл мекенде қазақ, орыс, неміс, әзірбайжан, иран, шешен халықтарының өкілдері тату-тәтті өмір сүруде) екі мектеп бар екен – бірі жаңа ғимаратқа ие болған Қарақозы Әбдалиев атындағы жалпы орта мектебі болса, екіншісі – сонау 1956 жылы салынған көнерген жайда орналасқан П.Тәжібаева атындағы білім ұясы. Әдетте журналистер жаңа мектепке баруға құштар болса, біз ат басын ескі мектепке қарай бұрдық. Оның себебі де жоқ емес. Күні кеше өткен ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша бұл мектеп түлектері арасында «Алтын белгіні» қорғап шыққан екі түлек бітіріп жатыр. Жаңа мектеп әзірше ондай жетістіктерімен көріне алмай келеді.

– Біздің мектебіміз ескі болғанымен, оқытушылар құрамы өте мықты. Ұжымымызда 83 маман жұмыс істейді, 545 оқушымыз бар. Олар екі ауысымда дәріс алады, – деп ой бөлісті бізбен әңгімесінде оқу орны басшысы Жидебай Жолаев. – Мақтанғаным емес, жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша мектебімізден кемінде екі «Алтын белгі» иегері түлеп ұшады. Былтыр да солай болған еді, биыл да абырой биігінен көріндік.

24-007

Материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сәйкестендірілген мектептің бір ғана кемшілігі – орналасқан жайының ескілігі және ол әу-баста қам қыштан тұрғызылғандықтан оның күрделі жөндеуін өткізуге мемлекет тарапынан қаражаттың қарастырылмағаны. Ал, білікті мамандар мен зерек оқушылардан таршылық көріп отырған жоқ.

24-006

Әрі қарай жолымыз Рабат ауылындағы көптеген жеке кәсіпкерлердің арасынан Белғозиев Нұрпапаның биыл ғана іске қосқан жылыжайына түсті. Алғашқы қадамын қызанақ өсіруден бастаған бұл азамат жарты гектар жердің үстінен жылыжай тұрғызып, оны 12 секцияға бөліп тас-тап, тамшылатып суару әдісімен бойы екі метрден асатын қызанақ түптерін бізге паш етті. Жылыжайда 5-6 адам тұрақты жұмыс істейді. Солардың маңдайтер еңбектерінің арқасында жеке кәсіпкер күніне 100 қорап (2 тоннадан астам) өнім алады екен.

– Алғашқы өнім мамыр айында жиналды, – дейді Нұрпапа Белғозиев. – Сол өнім бүкіл шығынымызды жапты – нәтиже жаман емес. Ендігі жинаған қызанағымыз – біздің табатын таза пайдамыз болады. Өнімді теріп болғаннан кейін бұл жерге қияр егуді жоспарлап отырмыз.

24-005

Белғозиевтің бел шеше кіріскен ісі өз жемісін беріп жатқаны қуантпай қоймады. Дегенмен, кәсіпкер мұнымен тоқтайтын түрі жоқ сияқты. Бұл жылыжайдың жанында кішігірім (көлемі 0,1 га) жаңа жылыжай қосымша салынып жатыр. Оның қасында су скважинасы қазылып жатыр. Мінеки, ауыл азаматтары жатпай-тұрмай бейнет етіп келеді.

24-014

Түс ауа біз Төлеби ауданына қарай бет алдық. Ондағы мақсатымыз – Сұлтанрабат ауылына да соғып, оның тұрғындарымен танысып-әңгімелесу еді. Ауыл ішінде осы елдімекенмен аттас «Сұлтанрабат» жалпы орта мектебі орналасқан. Сапарымызды сол оқу орнында жалғастыруды дұрыс көрдік. 1931 жылы негізі қаланған мектеп 2001 жылы ғана мектеп аты осылай өзгерген. Оны жиырма жыл басқарған, бүгінде абыз ақсақалға айналған 80 жастағы қария Абдулла Тимуровпен (суретте) жолығудың сәті түсті. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, ел тарихына қанық қарт ұстазды мектеп басшылығы бізге бірден-ақ мақтауын жеткізіп, сыртынан таныстырып жіберді. Көрші жатқан Жыланбұзған ауылында тұратын Абдулла ақсақалды тез таба қойдық.

24-013

– Осы жерлерде бұрын үлкен жар болған, сол жардың жанында ел мекендеген ауыл болған. Сол ауылдың айналасында бекет тұрғызылған, – деп бастады өз әңгімесін абыз қария. – Рабат деген сөздің мағынасы – дуалмен қоршалған бекет. Осы бекеттің айналасында ынтымағы ұйып отырған халық тұратын. Оларға көп көлеңкесі түскен, жақсылық жасаудан шаршамайтын, игілікке жаны құмар Сұлтан деген азамат солардың биі болатын. Осы кісі мен мекен еткен бекетті бірге атағанда, Сұлтанрабат болып шықпай ма? Ауылдың бұлай аталуының негізгі құпиясы осы. Енді осы ауылдың шетінде бұрын бір тесік төбе болатын. Бір кемпір сол тесікке барып, не бар екен мұнда, деп қарағанда, ішінен жылан шыққан. Ескінің салты бойынша әлгі кемпір қайта барып, тесікке ақ құйған. Жылан риза болып кемпірге алтын берген. Алтын бергенді кім жек көрсін, әлгі кемпір қайта-қайта ақ құйып жүрген. Бір күні жыланның берген алтыны онда есепсіз көбейген. Оны көрген айналасындағы ауылдастары кемпірден: «Алтынды қайдан алдың?» деп, мазасын қашырған. Бар шындықты біліп қойған ауыл азаматтары тесік төбеге барып, алтын табамыз деп сол төбені қиратып бұзып жіберген. Көптің бұл қылығына ашуланған жылан төбені талқандаған жұртты қуа жөнелген. Бәріне біртіндеп қуып-жетіп, шағып өлтіре берген. Бір кісі ғана жеткізбей Тәшкенге қарай қашқан. Бірақ жылан оны қуа беріпті. Бір күні ол адам бір үйде тынығып демалып жатса, жылан оның етігіне кіріп күткен. Әлгі кісі жолға шығарда етігін кигенде, жылан шағып өлтірген. Міне, Сұлтанрабаттан бөлініп шыққан ауылдың аты содан бері Жыланбұзған деп аталады.

5 ұлы, 3 қызы, 24 немересі, 18 шөбересі бар қарт ұстаздың айтып берген аңызы осылай аяқталды. Біз қарияға алғысымызды жаудырып, өзіне ұзақ ғұмыр тілеп, Шымкентке қарай бет түзедік…

Дайындаған – Әсет ӘССАНДИ

«Оңтүстік Рабат», №24, 17.06.2015