«Сәуленің» тұрғындары қара суға зәру

385

«Сәуле» шағынауданының тұрғындары аптығын басатын ауызсуға зар. Осыдан 5 жыл бұрын үйлеріне су құбырлары жүргізіліп, төбелері көкке жеткен болатын. Алайда көптен күткен крандардан әлі күнге дейін бір тамшы су ақпайды. Тұрғындар қазір шіріген құбырларға шығындалып біттік деп шағымданып отыр.

55555555555555555555555555Бас-аяғы 5 жылдан бері осынау сапасыз құбырдың кесірінен тұрғындар ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Жамап-жасқап әжетке жаратқысы келгенмен, нәтиже жоқ. Жергілікті жұрт есептеуіш құралдарын ауыстыруға, құбырды жамауға ақша жинап, әбден сабылып біттік дейді.

Алпысты алқымдаған Алтынгүл Тұрғараева күн сайын немересімен бірге әудем жерден су тасиды. Жекеменшік компанияның есебінен ауызсумен қамтылып отырған көршісінен су тасып күнелтуде. Күн сайын екі шелегін көтеріп, бір үйлі жанды тіршілік нәрінен тарықтырмау үшін екі ортаны жол қылып жүр.

Ал аулада қалбиып тұрған краннан қайыр жоқ. Су құбырлары тартылғанда мұндағы жұртшылықтың төбесі көкке жеткені рас. Алайда тек сығымдау жұмыстары жүргізілген кезде ғана тұрғындар краннан екі-ақ күн су ішкен екен. Мамандар құбырларды тексеру кезінде олқылықтарды анықтап, су беруді тоқтатуға мәжбүр болған.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының сөзіне сенсек, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы жаңарту жұмыстарын жүргізу кезінде мұндағы құбырларды жарамсыз етіп тастапты.

Алайда, бұл ақаулар су ақпаған кезде байқалмаған. Тұрғындардан шағым болмаған соң өңірді газбен қамтып отырған компаниядан шығындарды төлеуді талап ету де мүмкін емес.

Енді бес жыл бойы әрекетсіз жатқан әкімдер мен тиісті мамандар тез арада тірлікке көшті. Сондай-ақ жауаптылар жабдықтау жұмыстарының барлық шығынын мойнына алып, тіпті, ақау салдарынан сыртқа ағып жатқан су үшін де тұрғындарды қалтадан қақпауға уәде беріп отыр.