«Сапалы былғарыға сұраныс қай елде де жоғары»

Дервиш Қылыш, Стамбұл қазағы
Дервиш Қылыш,  Стамбұл қазағы
Дервиш Қылыш,
Стамбұл қазағы

Тері илеу өнеркәсібі дамыған мемлекеттерде шикізаттың дәл осы түріне сұраныс қашанда жоғары екені белгілі. Әлемдік статистикаға жүгінсек, былғары өнімдерін импорттауда Түркия мен Қытай көш бастап тұр. Дүниежүзіндегі нарықта тері шикізаты импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі. Осы саланың мамандары Анадолы елінде тәулігіне 3000-ға жуық тері өңделетінін айтады. Ал оларды тері шикізатымен қамтамасыз етіп отырған бірнеше ел болса, соның негізгісінің бірі Қазақстан.

Бұл ретте бізді қынжылтатын мәселе еліміздегі терілердің өңделіп, бізге дайын тауар ретінде қайта әкелінетіндігі. Әрине, шетелдіктердің еңбек етіп, нан табуының айыбы жоқ. Десе де түрік пен қытайлық кәсіпкерлердің еңбекқорлығын үйреніп, біз де тері илеуді қолға алуымыз қажет. Үйреніп демекші, осы түрік бауырларымызға тері илеп, одан өнім алуды жарты ғасыр бұрын аталарымыз үйреткен екен. Сөзімізге дәлел болсын деп Түркиядағы қандасымыз, Стамбұл қазағы Дервиш Қылыш мырзамен сұхбаттасқан едік. Жасы алпысты алқымдаған қандасымыздың ата кәсібі тері илеп сату.

– Дервиш мырза, бұл кәсіпке қашан және қалай келдіңіз?

– Бұл әкем марқұмның бастап кеткен ісі. Дәл осы кәсіппен бізді өсіріп, асырады. Сол бала кезде әкемнің жанында жүріп, мен де осы саланы үйрендім. Негізі менің мамындығым құрылысшы. Дегенмен, осы сала әкеден келе жатқасын жылы көрінеді. Сондықтан бұл кәсіпті тастамай өз мамандығымен қатар алып келемін. Өйткені бала кезден осы терінің ішінде өстік. Өкініштісі сол қазіргі күні тері илеу-мен айналысатын қазақтардың қатары сиреп кетті. Мен өзім енді бірнеше жыл болды, ұлыма үйретіп, осыны жалғастыр деп тапсырдым. Себебі ата-дәстүрді орта жолдан тастағымыз дұрыс болмас. Қазіргі күні негізінен балам айналысып жүрген жайы бар. Қысқасы бұл бізге бабадан қалған аманат десем болады.

– Басқа қандастарыңыз неге тастап кетті? Сіз секілді жалғастыруға кедергілер болды ма?

– Тарихтан білесіздер, аталарымыз бірнеше елді аралап, Түркияға табан тіреді. Осылай көшіп қонып жүріп мектеп, университет оқи алмады. Ал қазіргі жас-тарымыз білім алып, мемлекеттік қызметке араласты. Ал, ол қызметке орналасқандардың жағдайы айтпаса да түсінікті. Сондықтан терімен айналысуға уақыт пен мүмкіндіктері болмай, уақыт өте ығыстырылып қалды. Себебі тері илеу уақыт пен жауапкершілікті талап ететін іс. Майда-шүйдесін қоспағанда жиырма төрт сағаттың 17-18 сағатын алатын жұмыс.

– Ақсақалдардан жиі естиміз. Бұрын қазақ десе тері еске түсетін еді, қазір керісінше барлық тері кәсібінің басында түріктер жүр. Бұрынғы кәсіптен неге айырылып қалдық?

– Иә, әкем айтатын: «Ертеректе түріктер сойған қойдың терісін лақтыра салады деп. Яғни, сол уақытта Пәкістан арқылы келген қазақтар сол жақтан үйренген ісін Түркияда жалғастырған. Ол кезде бүгінгідей тарсылдатып тігетін тігін машинасы жоқ. Барлығы қолмен еді. Сол кездері жергілікті түріктер көмекші және басқа да жұмысшы ретінде жүріп меңгеріп алған. Жыл сайын тері өңдеудің өрісін кеңейтумен әлек. Мәселен, 2013 жылы ел қазынасына тері сатып, 18 млрд. лира кіріс әкелген. Сонымен қатар, озық технологиясын қолға алды. Қазіргі күні бір сиырдың терісінен 12 тон шығаруға болады. Бұрын біреу немесе екеу ғана дайындалатын. Барлығы заманауи технологияның арқасында болып жатқан тірлік. Сиыр терісі 30 миллиметр болса, содан 1,77 мм жұқалықпен тігіледі.

Өзіміздің қанымызда бар қасиеттің кейде кері әсерін беріп жататын тұстары да болып жатады. Мәселен, жарты жылдай жұмыс істесек, дәл солай қыдырып, той томалақ деп кететін күндеріміз көп. Жаз келген бойда бір-бірімізді таппай қалатын күндеріміз болады. Ал, түріктер тойға барады, бір-ақ сағат отырады. Себебі олар үшін жұмыс маңызды. Әлгі қытай еңбекқор дейміз ғой. Негізінен түріктер де олардан қалыспайды. Жұмыс болса, күндіз-түні ұйықтамай істейді.

– Дегенмен өзіңіздің бизнесіңіз де жаман емес секілді…

– Иә, құдайға шүкір, кәсібім жақсы. Тұрақты тұтынушым бар. Сондай-ақ, әр елден келетін алушыларымыз да аз емес. Мен шикізатты Франция мен Испания-дан алам. Сосын оны әкелгесін Түркияның ерекше суына салып, тазалап жуамын. Яғни, майы және басқа қажетсіз нәрселерден тазартып береді. Ол су Түркияның барлық жерінде емес, белгілі бір аймақтар да ғана кездеседі. Қысқасы, бұл кәсіптің пайдасымен қатар қиындығы да аз емес. Бірақ, жемісін көріп, табыс түскенде барлығын жуып, шайып жіберетіні жасырын емес…

– Анадолы елінде тері кәсібімен қатар қазақи дәстүріміз, тіліміз де жоғалып бара жатқан жоқ па?

– Дұрыс айтасыз. Шындықтың бір шетін шығардыңыз. Бұл сұрақ бүгінгі күні біз үшін өте өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі жастарымыз тілін ұмытып, дәстүр-мәдениетінен алыстап барады. Сол үшін үлкендер жағына мына ұсынысты жиі айтамын. Түркиядағы аз ғана қазақтар біз ұлттығымызды сақтап қалу үшін бір-бірімізбен қыз алысып, өз арамызда құда болайық. Себебі, қазір осында жүрген татарлар көп. Алайда, олардың аты ғана татар. Ал тілі, мәдениеті еш сақталмаған. Өздерінен сұрасаң бұрын келген аталарымыз білген, бүгінгі буын ұмытты деп қынжылады. Қазақтар да дәл сол күйге түседі. Осы ретте ұсынысым бар. Егер Қазақстан үкіметі жағынан арнайы бағдарлама болса, ай сайын болмаса да, алты айда бір рет Түркиядағы қазақ жастарын атамекенге апарып тұрса деймін. Ел мен жерді көріп, атажұртқа деген көзқарасы өзгеріп, оң жемісін берер еді.

– Ендеше еңбегіңіз жемісті болсын! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Самат Сүлей

«Оңтүстік Рабат», №25, 24.06.2015