ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сарыағаштағы кісі өліміне қатысты істе үкім оқылды. Жылыжайдан басталған даудың соңы кісі өлімімен аяақталған еді.
Бұл аты-шулы іс қарау судьяға да оңай болмай отыр. Түске дейінгі отырыста тараптар жарыссөзге шықты. Сот залына БАҚ өкілдері қатыстырылғанымен, бейнетаспаға түсіруге қарсылық танытқандар да болды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=EuGgVeSk8dU[/youtube]
Сот бұл өтінішті қанағаттандырып, тек тілшілердің ғана қатысуына рұқсат етті. Жәбірленуші тарап айуандықпен жасалған кісі өліміне қатысты деректердің толыққанды еместігін айтып, сотқа өз талап-тілектерін білдірді.
Айнұр Артықова, марқұмның туысы: «Біздің ойлағанымыз — Нарметовқа көмектескен адам кім? Пышақ сұққан адам кім? Нақты дәлелдеп, қосымша сыбайлас адамдарын тауып, сосын әділ шешімін шығарсын деп едік.»
Еске салайық, 4 ақпан күні Сарыағаш ауданының Бостандық елдімекені маңынан Ынтымақ ауылы тұрғынының пышақталған денесі табылған еді. Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, қамауға алған. Ол — Бостандық ауылының 1976 жылғы тұрғыны. Ұсталған азамат марқұмның жалға алып жүрген жылыжайына қатысты келіспеушіліктердің соңы өлімге әкеп тірегенін мойындап отыр.
Қанды оқиғаға тиісті жаза тағайындаған судья өзінің үкімін оқып, айыталушыны 18 жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Ол жазасын қатаң режимдегі абақтыда өтейтін болады.
Үкімнің заңды күшіне енуіне әлі 15 күн бар. Сот төрелігімен келіспеген тараптар осы мерзім аралығында аппеляциялық шағым келтіруге құқылы.
Ернар Балабеков