Шымкентте әлеуметтік нан бағасының құны екі теңгеге қымбаттап, 37 теңге болғанын хабарлаған едік. Алайда бүгін қаладағы дүкен сөрелерінде ас атасы 40 теңгеден сатылуда. Сатушылар оның себебін өздерінің шығын көлемінің көбейіп кетуімен түсіндіреді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=XuBEFvYAeaE[/youtube]
Біздің түсіру тобымыз барған наубайхананың бірі әлеуметтік нан жабуға 1-сұрыпты ұнды пайдаланады. Кәсіпкер әкімдікпен арадағы келісім-шартқа сәйкес әлеуметтік ұнды жеңілдетілген бағамен алып жүр. Сондықтан нан бағасын наубайхана емес, тұрақтандыру қорындағылар реттейді дейді.
Мукарам Насретдинова, наубайхананың қызметкері: «Аптаның басында бізге 1-сұрып ұн 2700 теңгеден келе бастады. Бөлке нанды 35 теңгеден сатып жатырмыз. Өткен аптада ұнның бағасы 2300 теңге болатын. Сонда бөлкені 32 теңгеден, сауда орындары 35 теңгеден сататын.»
Ал облыс әкімдігінің жауапты мамандары ұн бағасының қымбаттауын бидай бағасының өсуімен байланыстыруда. Өйткені әр тоқсан сайын бидайдың құны 4,1 теңгеге көтеріліп отыр. Осыны ескерген үкімет басындағылар нанның бағасын төрт жақты келісіммен көтеру керек деп шешкен.
Егер осыған дейін 50 келілік ұн бағасы 3000 теңге болса, енді ол қап 3200 теңгеден саудаланатын болды. «Тұрар» операторы арқылы әлеуметтік бағадағы 1-сұрыпты ұн наубайханаларға 2700 теңгеден босатылуда. Сол себепті ұн алушыларға бағаны көтермеу жөнінде тапсырма беріліпті.
Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Наубайханалар нанды 35 теңгеден босатады, ал дүкендерде, базарларда нанның бағасы бір — 37 теңге. Бұдан қымбат болмауы керек. Бұл баға бірінші астық орымға дейін тұрақты күйінде сақталады. Ұнның қоры жеткілікті.»
Облысымыздағы «Нан» қауымдастығының төрағасы Әбдімәлік Көмекбаевтың айтуынша, арзан алып келген ұнның бағасы осыдан бір ай бұрын көтерілген екен. Бірақ бағаны бірқалыпты ұстап тұра беру кәсіпкерлерді шығынға батырған. Сол себепті жергілікті биліктің бағаны көтеру туралы шешімін қолдай отырып, ұн бағасы осы қалыпта тұрақтайды деген сенімде.
Әбімәлік Көмекбаев, «Нан» қауымдастығының төрағасы: «Төрт жақты келісім бойынша нанның босатылу бағасы 35 теңге деп бекітілді. Ал сауда орындарында өнім 37 теңгеден сатылуы тиіс.»
Алайда тұрақтандыру қорының тапсырмасы мен «Нан» қауымдастығының келісімі қаладағы сауда орындарына жетпеген көрінеді. Өйткені қаладағы дүкендердің басым көпшілігі бөлке нанды 40 теңгеден сатуда.
Мубарак Қазақбаева, сатушы: «Бізге бөлке нанды 35 теңгеден жеткізілді. 40 теңгеден сатып жатырмыз. Қабымыз бар, орнымызға төлеуіміз керек.»
Қалай болғанда да жауапты мамандар нан бағасын өздігінше көтеруге жол бермейміз дейді. Олар дүкендерді аралап, қымбат бағамен сатып жатқандарға шара көрмек.
Шынар Оразова