Шымкентте екі балабақша пайдалануға берілді. Тұлпар шағынауданында 320 орынды №56 «Тұлпар» бөбекжайы мен 80 орындық №9 «Ақ қанат» балабақшасы 1 маусым балаларды қорғау күніне орай жас тәрбиеленушілерге есігін айқара ашты. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Еңбекші ауданында орналасқан 80 орынды «Аққанат» сауықтыру бөбекжай-балабақшасының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов қатысты. 1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күніне орай жас тәрбиеленушілерге есігін айқара ашқан балабақшада сәбилер төрт топта тәрбие алмақ. Мұнда 38 қызметкер жұмыспен қамтылған.
Жасөспірімдерді мерекелерімен құттыған өңір басшысының орынбасары жаңа нысанды аралап көріп, ондағы балаларға жасалған жағдаймен танысты. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы, әр топқа арналған ойын алаңшалары мен қысқы және жазғы бассейіндер бар. Мұнда балалардың денсаулығын қадағалайтын медбике бөлмесі, психологиялық ерекшеліктерін қадағалайтын психолог бөлмелері де қарастырылған.
Осы күні «Тұлпар» шағынауданында «Тұлпар» бөбекжай-балабақшасы да ашылды. 320 орынға шақталған бөбекжай 18 топқа негізделген. Үш тілде білім беретін бақшада өрендердің алаңсыз тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалған.
Бөлмелер қазіргі заман талабына сай толығымен жабдықталған, асхана, музыка залы, балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы мен әр топқа арналған ойын алаңшалары бар.
Мектепке дейінгі тәрбие беретін осы ұйымның ашылу салтанатына қала әкімі Д.Сатыбалды қатысып, балғындарды қос қуаныштарымен құттықтады.
‒ Жаңа оқу жылына дейін тағы 4 балабақша ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілмек. Елбасы 2020 жылға дейін мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Осы орайда шаһарда «Балапан» бағдарламасы аясында балаларды бақшамен қамту деңгейі 76 пайызды құрап отыр. Жалпы 2020 жылға дейін Шымкентте 7020 орындық 25 балабақша салынады, ‒ дейді қала басшысы.
Күзге дейін ашылады деп күтіліп отырған балабақшаның ішінде Бозарық елдімекені мен Қазығұрт, Нұртас шағынаудандары мен Жангелдин көшесінің бойынан ашылатын балабақшалар бар. Қалған екі балабақша Самал-2 шағынауданы мен Ерімбетов көшесінде келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.