Шымкентте жұмысшылар мемлекеттік тумен қоқыс шығарды. Бүгін Қазнетте шаһарды тазалайтын жұмысшылардың көк жалаумен қоқыс жинап жатқан суреттері тарап кетті.
Осы келеңсіз жәйтке байланысты Шымкент қаласының баспасөз қызметі арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, нақты жауап берді. Айтуларынша, тумен қоқыс жинағандар шаһардағы тазалық мекемесінің жұмысшылары екені расталған. «844 АН 13» нөмірлі жүк көлігі де сол компанияға тиесілі көрінеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=athuXZKgsDY[/youtube]
Нұрлыбек Жеңісбек, Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы: «Қазір оқиға Шымкентте орын алғаны анықталды. Әл Фараби ауданы аумағын тазалаған қызметкерлер «Бек-Асыл Сервис» ЖШС-де жұмыс жасайды. Жүк көлігі де осы мекемеге тиесілі. Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлау 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салумен немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын атқаруымен немесе 2 жылға дейінгі бас бостандығын шектеумен немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады».
Шұғыл тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер мемлекеттік туды аяқ асты еткен екі жұмысшы мен жүргізушіні қолға түсірді. Қазір олардан жауап алынып жатыр. Ұсталғандарға қатысты «мемлекеттік рәмізді қорлау» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу кезінде серіктестік қызметкерлері өздерінің кінәсіз екендерін айтып ақталады. Айтуларынша, сол жерге барса, мемлекеттік ту құлап жатыр екен, ал үстіне қоқыс шашылып кетіпті. «Біз, керісінше, туды тазаладық» дейді күдіктілер.