Шымкентте ТМД кеденшілері бас қосты

462

Шымкентте ТМД елдерінің кеден қызметтерінің басшылары бас қосты. Бұл — кеңестің 61-отырысы. Кездесудің маңыздылығы сол — Кеден Одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің басшылары экономикалық диалогта бірқатар мәселелерді ортаға салды.

001

Күн тәртібіндегі мәселелердің негізгісі елдер арасындағы тауар айналымында оның құнын бақылау, зияткерлік меншік нысандарына қатысты құқықтарды қорғау, интернет-тауарларға кедендік бақылау, тауар өткізудегі лицензия құжаттары сияқты тұстар болды. Барлық тарап, қазіргі жағдайға байланысты қағаздан келетін тосқауылдар мен күрделілікті жоюға атсалысатынын жеткізді.

003

Жиынға Қазақстан тарапынан еліміздің қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д.Ерғожин мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов арнайы келді. Алыс-жақын шетелдерден келген жауапты тұлғалардың қатысуымен өткен отырыстың жұмысына сәттілік тілеген өңір басшысы мәжіліс кезінде туындаған ой-пікірлер мен ұсыныстар жалпы экономикалық диалогқа оң әсерін тигізеді деді.

Күн тәртібінде ТМД шеңберіндегі тауарлардың кедендік құнын бақылауда өзара ықпалдасу, зияткерлік меншік нысандарының құқықтарын қорғаудың қағидалары мен интернет-тауарларды кедендік бақылау сынды мәселелер қаралды. Сондай-ақ, ТМД қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтері басшылары кеңесінің құқық қорғау бөлімшелері жетекшілерінің комитеті туралы ереже бекітілді.

Отырыс кезінде кеден органдарының өзара іс-қимылдары мен «жалғантранзитке» қатысты ақпарат алмасуды ұйымдастыру, кедендік декларацияларды қағаз жүзінде жөнелту рәсімін жою, тауарлардың кедендік құны бойынша тәуекелдерді азайтудағы бірыңғай тәртіптер белгіленіп, жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша тиісті шешімдерге қол қойылды.