Шымкенттегі № 92 мектеп жылдар бойы жөнделмей келеді

468

Шымкенттегі № 92 жалпы орта мектептің ғимараты жылдар бойы жөндеу көрмей келеді. Қала әкімдігі бұл мақсатқа 10 жылдан бері қаражат бөлмей отыр. Амалы таусылған мектеп басшылығы енді ата-аналарға алақан жаюға мәжбүр. Осылайша өзекті мәселені өздігінше шешіп әлек.

Мектепке 2005 жылы №4 балалар үйінің ғимараты беріледі. Содан бері жөндеу жұмыстарына мемлекеттен ешқандай қаражат бөлінбепті. Нысанды жамап-жасқау үшін жыл сайын ата-аналардан жылу жиналады. Мектепті әрлеу жұмыстарына ата-аналар демеушілік көрсетсе, мектеп мұғалімдері ала жаздай мектептің жөндеу жұмыстарына жегіледі.

Осылайша ғимарат жыл сайын көпшілік көмегімен жаңартылып келеді. Ұстаздар жамап-жасқағанымызбен, білім нысанының бүгінгі жағдайы сын көтермейді дейді. Сынып бөлмелері жетіспейді. Ал іс-шаралар тозығы жеткен спорт залында өтеді.

Осынау мәселені көлденең тартқан мектеп басшылығы жергілікті құзырлы органдарды қойып, білім министрлігіне дейін хат жолдапты. Алайда, бұл әрекеттер әлі күнге өз нәтижесін бермей отыр.

Шымкент қалалық білім бөлімінің қызметкерлері бұл мәселеден хабардар болып шықты. Алайда мектепке ығайластырылған нысан облыстық білім басқармасының балансына қарайды. Сондықтан мектептің жөндеу жұмыстарына бір тиын да бөле алмаймыз деп отыр.

Облыстық білім басқармасының өкілдері бұл мәселеге қатысты қандай да бір мәлімет беруге құлықсыз. Айтуларынша, мектептің жөндеу жұмыстарына қатысты мәселе басқарма тарапынан шешілмейді. Қаржыға тірелген түйткілдің шешілуіне қазір Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды кірісе бастады.