Қорғасын зауытының қалдықтарынан құтылатын күн алыс емес. Бұл жөнінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығы мәлімдеді.

Еске салайық, жылдар бойы жұртшылылықты жауыр еткен жер аумағы биыл қаңтар айында шаһардың еншісіне өткен. Енді жергілікті билік өкілдері 2 жылдан кейін аумақ зиянды қалдықтардан тазартылып, топырақ қайта құнарландырылады деп сендіріп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=IsZhMj-EOeU[/youtube]

Шымкенттегі қорғасын зауытының аумағында қордаланған қалдық тау болып үйіліп қалған. Мамандар қорғасынның қалдықтарының ауамен ғана емес, топырақ арқылы да таралуы қаупі жоғары деп отыр.

Ақмарал Нысанбекова, эколог маман: «Қорғасын, күшәла қалдығы тиісті нормадан әлдеқайда артық. Мәселен, қорғасынның зияны белгіленген талаптан 100 есе жоғары. Бұл, әсіресе, Металлургтер саябағы, Сеченев көшелерінің аумағында қатты байқалады».

Қордаланған зиянды қалдықтардың қай мекемеге тиесілі екені көптен бері анықталмай келді. Себебі улы шығарындыны ешкім мойнына алмаған. Оның ішінде қорғасын зауытының бұрынғы басшысы да бар дейді мамандар. Сондықтан мәселе созбалаңға салынды.

Осыдан кейін араға аз-кем уақыт салып, биыл қаңтар айында аталған аумақ қаланың еншісіне өтті. Шаһар билігі ең алдымен қалдықтардың көлемін есептеді. 2014 жылы оның әрбір тоннасы 10-15 теңге болып белгіленген.

Ерлан Есіркепов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Қазір біздің мамандар осы сауал төңірегінде жұмыс жасап жатыр. Біз бұл қалдықтарды шілде айында аукционға салып, конкурс жариялаймыз. Негізгі мақсатымыз — ай сайын 100 мың тоннадай болса да бірнеше жылдың ішінде толығымен орнын тазалап тастау».

Айта кетейік, бүгінде осы аумақта 1 миллион 800 тонна қорғасын қалдығы жатыр. Ал қала билігі 2 жылдан кейін ғана қалдық төгілген орын тазартылып, топырақ қайта қалпына келеді деп сендіріп отыр.