Шымкенттің іргесіндегі Қаратөбе елдімекенінің тұрғындары аптап ыстықта егістерін суара алмай отыр. Себебі бақшаға келетін арық суы химиялық қалдықтарға толып кеткен. Көкөніске зияны көп. Иісі де қолқаны қабады. Ағын судан тарыққан халық жиналып, биліктен көмек сұрады.
Кенжегүл Өтемісова — егістікті күн көрісіне айландырған жан. Бау-бақша өнімдерін өсіріп, базарға өткізумен айналысатын шаруа бақшасына арық суын пайдаланып келген. Жуырда бұл суға жақын маңдағы спирт зауытынан қалдықтар төгіліп кетіпті. Соның салдарынан су ластанып, екі аптадан бері жағымсыз иіс жайлап кетті дейді.
Кенжегүл Өтемісова, тұрғын: «Барлығы зиян. Адамдардың барлығы аурып, жөтелетіні осыдан. Қай жердегі кәріз құбыры тесілгенін білмейміз. «Тау» деген фирмаға көршілеріміз барған, кіргізбепті.»
Сасық иіске шыдамаған тұрғындар суды жаптыруға мәжбүр болғанын айтады. Себебі бақша өнімдері қурай бастапты. Ал зауыт қожайындары қалдықтарды төгуін тоқтатпай отыр деп ашынады.
Майлыбек Әмірұлы: «Адамдардың бақшаларындағы өсімдіктің барлығы күйді. Сасып жатыр. Түнде ұйықтай алмайды. Балалар қолын тығады. Мен суға қолымды салсам, майда құрттар шығады».
Зауыт басшыларымен кездесуге барған тұрғындар кәсіпкерлік нысанға кірмек болғанмен, одан нәтиже шықпады. Күзетшілер ішке кіргізбек былай тұрсын, есігін де ашпай қойды.
Тұрғындардан шағым түскен соң «Су арнасы» мекемесінің мамандары ағын судың құрамын тексеруден өткізіп, ластанғанын растап отыр. Зертхана нәтижесі судағы артық қоспалардың мөлшерден көп екенін көрсеткен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=QTwDaWwAlBs[/youtube]
Әлия Мираманова, «Су ресурстары маркетингі» мекемесі зертханасының басшысы: «Евразия-Элит» мекемесінен шыққан шайынды су құрамындағы аммиак және фосфат белгіленген шамадан 3-4 есе көп. Температурасы да өте жоғары. Бұл өз кезегінде кәріз жүйесі құбырлары мен қоршаған ортаға едәуір зиян келтіреді.»
Қазір бұл іске өңірдің табиғат қорғау прокуратурасы араласа бастады. Құзырлы орган өкілдері ағын суды ластаған зауытқа қатысты әкімшілік іс қозғап, тексеру шараларын бастап кетті. Енді кәсіпкерлік нысанға қомақты көлемде айыппұлдар салынбақ. Өз кезегінде «Су арнасы» мекемесі басшылары да зауытқа тиісті шаралар көреміз дейді.