Түлкібас ауданында жұмыссыздық жойылмай тұр

469

Шенеуніктердің шекесінен тер шыққан жиын. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Түлкібаста тапсырмалардың орындалуын пысықтады. Сөйтсе, мұнда қордаланған мәселелер мәресіне жетпепті. Өңір басшысы әр саланың жұмысына жеке-жеке тоқталып, мамандардың жауапкершілігін майшаммен қарады. Аудан орынбасарларынан бастап ауыл әкімдеріне дейін ескерту алып, кейбірі жылы орнымен қош айтысты.

Облыс басшысының алдында баяндама жасау бұл жолы Түлкібас ауданының әкіміне бұйырды. Әлеуметтік нысандардың құрылысы, инфрақұрылым жеткізу мәселесі және аудан аумағынан өтіп жатқан халықаралық дәліздің құрылысы баяндамадан тыс қалмады.

Асқар Исабекұлы жер учаскелерін үлестірудің өзіндік жүйесін қалыптастыру қажет екенін қадап айтты. Сондай-ақ, жол салу, ауыз су жеткізу, жарықпен қамту мәселелерін күні бұрын пысықтап алған жөн деді. Білім саласындағы біріңғай жүйені қалыптастыру, жас мамандарды жұмыспен қамту күн тәртібінен түспеу керек дейді өңір басшысы.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Мемлекеттік тапсырысты міндетті түрде ауданның әкімінің қолымен ғана қабылдаймыз. Ауданның әкімі «Менің ауданыма ауданның экономикасына мынадай-мынадай мамандықтар керек» деп айтуы керек. Одан кейін, тапсырысты бізге айтқан соң өтінішке сәйкес біз бюджеттен ақша бөлеміз. Ол аз ақша емес. Ақша құямыз, мамандарды оқытамыз. Ал енді қара — оқытқаннан кейін сен жүз пайыз жұмысқа орналастыруың керек. Белгілі бір себептерден басқасын. Ал енді қарасақ, мамандардың 67 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Ол не деген сөз? Ол деген сөз — сен мынаны талдап отырған жоқсың, шын мәнінде ауданға қандай мамандықтар керегін білмейсің. Ауданның әкімі білмейді деген сөз, ауылдың әкімі білмейді деген сөз.»

Облыс басшысының қозғаған тағы бір мәселе — ауыл әкімдерінің деңгейін көтеріп, жауапкершілігін арттыру. Олардың әрқайсы өз ауылының жері, табиғи байлығы, әлеуметтік нысандары мен жұрттың жұмыспен қамтылуына тікелей жауапты екенін еске салды. Ал бұл міндеттерді атқара алмағандар орындарын босатқандары абзал деп қадап айтты.

Келелі кеңестен кейін өңір басшысы бірнеше нысандарды аралап көрді. Тұрар Рысқұлов ауданында ашылған «Түлкібас нан» серіктестігінің жұмысымен танысты. Бүтіндей ауданды ас атасымен қамтып отырған зауыт жылына 2 миллион тонна өнім өндіреді. Мұнда 45 азамат еңбек етіп жүр. Облыс әкімі Түркияның «Яула Филис компаниясымен бірлесіп интенсивті бау өсіріп отырған «Мөлдір» шаруа қожалығында да болды. Алма баптаушы шаруалармен кездесіп, өнім көлемін ұлғайтуға мемелекеттік субсидиялардың берілу жолдарын талқылады.