Шымкентте жолаушы тасымалдаушы компаниялардың арасындағы текетірес тыйылмай тұр. Соның салдарынан жүздеген жүргізуші жұмыссыз далада қалды.
Компания басшылары мұны жергілікті билік өкілдерінің жолаушылар тасымалдау нарығынан ығыстыру үшін жасалған қасақана әрекеті деп біледі. Ал салаға жауаптылар мекеме басшылары ескертуге құлақ аспағандықтан ортақ келісімді бұзуға мәжбүр болдық деп отыр.
Қазіргі таңда Шымкентте 12 компания жолаушылар тасымалдау құқығынан айрылып отыр. Мекеме басшылары мұны заңсыздыққа балайды. Компания өкілдері анықталған кемшіліктерді дер кезінде ретке келтірсек те нарықтан ығыстырылып отырмыз деп налиды.
Ал осы салаға жауаптылар ортақ келісімді бұзуға тасымалдаушылар тарапынан кеткен олқылықтар себеп болды дейді. Айтуларынша, автобустар арасындағы қозғалыс жиілігінің сақталмауы, кассирлердің арнайы киім үлгісін кимеуі сияқты ескертулер жыл бойына жасалса да ескерілмей келген.
«Южавтотранс» қауымдастығы өкілдері де жергілікті билік өкілдерінің бұл шешіміне үзілді-кесілді қарсы. Олардың пікірінше, материалдық-техникалық базасы талапқа сай тасымалдаушы мекемелер жұмыстан қағылып отыр.
Осыған дейін екі рет сотқа арызданған компания өкілдері мұнымен шектелмейміз дейді. Жолаушылар тасымалдау бағытына қайта қосылмайынша Жоғарғы сотқа дейін арыздануға дайын екендерін айтады.