Қарттар үйінде монша ашылды

655

Қасиетті Рамазан айында қарттарға қамқорлық жасалып жатыр. Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік-медициалық мекемесінде монша-кір жуу кешені ашылды.

Қарттар үйі

Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған әлемуеттік-медициналық мекемесінің тұрғындары дәл осы сәттті көптен күтті. Олардың игілігіне 12 бөлмелі монша-кір жуу кешені тапсырылды. Шарапты мол шараға қарттармен қатар жергілікті билік өкілдері де қатысты. Олар арнайы сөз алып, жаңа нысанның кілтін табыстады. Ал жалғыз ілікті қариялар мен мұндағы мүмкіндігі шектеулі жандар алғыстарын білдірді.

Елизавета Цай
Елизавета Цай

Елизавета Цай, облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік-медициалық мекемесінің тұрғыны: «Айтар алғысым шексіз! Енді емін-еркін жуынатын бөлмеміз бар деп айта аламыз. Бұған дейінгі жағдайымыз да жаман болған жоқ, осында мейірбикелер мен өзге де қызметкерлер бізге жақсы қарайды, қарнымыз ашса, тамақтандырады. Өзімнің жалғызілікті адаммын, ешкімім жоқ, панайтын жерім қалмаған кезде қамқорлық танытқан жандарға разымын!»

Еске салайық, 1 қабатты монша-кір жуу кешіннің құрылыс жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған. Бірақ мердігер компанияның жүгенсіз жұмысының салдарынан шаруа созбалаңға салынып келген еді. Енді игерусіз қалған қаржы өзге кәсіпорынның шотына қайта аударылып, бас-аяғы 7, 5 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары аяқталыпты. Және қажетті қондырғы-құралдар орнатылған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=cWMKIjjOCUs[/youtube]

Мақсұтхан Дүйсебеков,  облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған мемлекеттік медициналық әлеуметтік мекемесінің директоры: «Жаңа ғимарат талапқа сай, бар жағдай жасалып отыр. Мәселен, қарттар мен мүгедек жандардың жуыну бөлмелері бөлек орналасқан. Әрқайсысына шақталып, олардың жағдайын ескере отырып жасалды. Мүмкіндігі шектеулі жандар мұнда арбамен келеді ғой, сондықтан оларға отырып, жуынатын арнайы орындықтар да қарастырылды.»

Қарттар үйі басшылығының сөзіне сенсек, мұнда тұрғындар үшін спорттық жаттығу сыныптары, медициналық ем, массаж бөлмелері жұмыс жасайды. Ал асханада 5 мезгіл тамақ үлестіріледі. Анығырақ айтсақ, әрбір қарияның бір айлық өмір сүруіне қазынадан 60 мың теңге қаралған. Мұнда жылына 245 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

Айта кетейік, бүгінде қарттар мен мүгедектерге арналған мекеменің 250 тұрғыны бар. Оның 110-ы бірінші және екінші топ мүгедегі, қалғаны жалғызілікті қарттар.