“Қарттар үйіндегі той” – 80-нен асқан қариялар отбасын құрды

60

Қарттар үйінде осымен екінші рет қариялар шаңырақ көтерді. Жастары 80-нен асқан атай мен әже осыдан 4 ай бұрын отбасын құруға бел байлапты. Ал мұндағы  7 адам өз отбасына оралған.

 

Бұл шүйіркелесіп отырған атай мен әжей қарттар үйінде жүріп шаңырақ көтерді. Жастары 80-нен асса да әлі өздерін сергек сезінеді. Олардың бір-бірін танып, үйленгендеріне 4 ай толды. Қашымбек Мұсақұловтың мұнда келгеніне жарты жылдай болса, Салтанат Ешанқоджаеваның қарттар үйін паналап жүргеніне 10 жылға таяды.

Салтанат Ешанқоджаева: №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны: «Ана жерде отыр едім. Маған келіп, сені ұнатып қалдым деді. Мен сенен үлкенмін ғой десем, ештеңе етпейді жасыңды бөлісіп аламыз деді».

Қашымбек Мұқақұлов, №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны: «Махаббат болу керек. Сыйластық болған соң, махаббат болады ғой. Қалаға қыдырып барып қайтамыз. Қазір қар жауып шыға алмай қалдық. Ресторанға барып тұрамыз».

№2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 167 адам бар. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша мұнда бір-бірін ұнатып үйленгісі келетіндер кездесіп тұрады. Десе де көп жағдайда отбасы болып тұрудан ақжаулықтылар бас тартатын көрінеді. Ал қазір бұл орталыққа мұқтаж  жандардың саны күн санап  азайып келеді. Мекеме қызметкері бұл үлкен жетістік екенін айтады.

Дашти Каримов, №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері: «Орталықта 120 ер, 54 әйел кіс және де 49 мүмкіндігі шектеулі жастар тұрады. Қазір келушілер саны азайды. Менің мұнда жұмыс істеп жатқанымызға 8 жыл болды. Осы аралықта байқағаным отбасыда әжелер қайтыс болған соң, аталарын қарай алмай осында алып келеді» 

Айта кетейік, орталықта қарияларға барлық жағдайлар жасалған. Дегенмен қамкөңіл қарияларға қарттар үйі өз шаңырағындай бола алмасы анық. Осыны ескерген мамандар, бұл орталықты паналаған қариялардың отбасына түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, мұндағы 7 қарияны туыстары үйіне қайта алып кеткен.