Қоқыстан көз ашпаған Қошқар ата…

1137

Қасиетті Рамазан айында да Қошқар ата өзені қоқыстан көз ашпады. Қала орталығынан құлай аққан бұлақ суын тұрғындар ластап жатыр. Демалыс аймағына бектілген тазалық қызметкерлері осылай деп шағымданды. Айтуларынша, демалушылар тамақ өнімдерінің қалдықтарымен қатар іш киім және өзге де анайы заттарды ашық тастап кетеді.

Бір кездері көркіне көзің тоймайтын, қала орталығынан аққан жалғыз бұлақ суының маңы қазір жұпыны күйге түскен. Күл-қоқыс үйінділері алыстан-ақ көзге ұрады. Оған қолқаны қабатын жағымсыз иісті қосыңыз. Демалыс аймағын тазалаушы қызметкерлердің айтуынша, олар күнделікті шашылған қалдықтарды тазалаумен әлек. Бірақ демалыс күндері мұны жинаудың пайдасы да болмай қалады. Себебі шашылған заттарды қоспағанда демалушылар тіпті әжетханаға баруға ерінетін болған.

Құралай Әлімбекова, тазалық мекемесінің қызметкері: «Қарбыз, баклажка, жүгерінің собығы және үйлерінен әкелген тамақтары шашылып жатады. Біз таңғы сағат 6-да келеміз жұмысқа. Түнімен сағат 2-ге дейін келуші адамдар көп болады. Олар келгесін біз жинаған жердің барлығын шашып кетеді. Біз таңертеңнен бастап тазалап, кешкі саға 19:00-де қайтамыз. Халық өте жайсыз, жәй суға түсіп қайтса немесе қоқыста өзімен әкетсе жақсы ғой, керісінше, шашады. Бізге «Сендер жалақы алып отырсыңдар, тазалаңдар» деп нұқиды.»

Аймақтың көркін қашырғандарға өкпесі қара қазандай болған жұмысшы топ Қошқар атаға келіп ластаушылардың дені егде кіселер екенін жасырған жоқ. Ал демалушылар мұнда ем іздеп келгенін алға тартады.

Надежда Ким, қала тұрғыны: «Өзенге күн сайын келіп шомыламын. Суы өте керемет. Денсаулыққа шипа ғой. Айтайын дегенім, мұнда шымкенттіктер көп келеді, жарық шамдар мен орындықтар жетіспей жатыр. Ал мұндағы шашылған қоқыстарды мен де жинап жүремін, өз басым, тіпті, су сабынның да қорабын тастаған емеспін.»

Зәмзәгүл Қажыпова, қала тұрғыны: «6 күн болды келіп жүргенімізге, енді бәрі де бір Алланың қалауында ғой, өзіміз тілек тілеп, ниетіміз орындалса екен деп жүрміз. Суы жақсы, салқындау. Бірақ енді бөтелкелерді тастап кетіп жатқан тұрғындары көріп қалдым.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=qMffSBCBzYU[/youtube]

Әзірге өзеннің жағасындағы 3 шақырым аумаққа жаңа орындықтар, спорт және балалар ойын алаңшасы салынған. Шомылу маусымы басталысымен Қошқар ата өзенінің суына келіп, маңайында тынығушылардың саны артатыны да сондықтан. Бірақ бұлақ басы дәл осындай лас, күл-қоқыстан көз ашпайтын болса, өзен суынан дертіне ем іздеп келген ағайын ауруын асқындырып алу ғажап емес, дейді мамандар.