Көшеден алып жеп жүрген қауын-қарбыздың құрамы күмәнді. Өйткені олар арнайы зертханадан өтпеген. Осыны ескерген әкімдік мамандары арнайы рейд жүргізіп, ретсіз сауданы қыздырғандарға ескерту жасады. Сондай-ақ, көше бойына заңсыз орнатылған дүңгіршектер сүрілді.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері Қожанов көшесі бойындағы заңсыз орнатылған дүңгіршектерді көшірді. Тиісті құзырлы органдарының рұқсаты жоқ осындай бірқатар орындар түгендеу жұмыстары барысында анықталған. Бұл шара жылдың соңына дейін жалғасын табады.
Шыңғыс Нақыпбеков, Абай ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: «Ескерту алып, заңға бағынбаған азаматтардың дүңгіршектері айып тұрағына көшіріледі. Ал мына азамат енді жұмысын бұрынғы орны Леңгір қаласында жалғастырады.»
Сонымен қатар қаланың келбетіне нұқсан келтірген көшенің бойындағы ретсіз саудамен де күрес жүргізілуде. Шара барысында қауын-қарбыз сатқан азаматтарға ескерту жасалды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=kB5DAbCok2U[/youtube]
Мамандар тұрғындардан бақша өнімдерін белгіленген сауда орындарынан ғана сатып алуға шақырады. Өйткені ондағы өнімдер міндетті түрде зертханада тексеріледі.
Шынар Оразова