Үйлерді жаңартудың жайы қалай

342

Шымкенттегі екі мыңға жуық көп қабатты тұрғын үйдің 40 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Үкіметтің тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында бүгінге дейін 72 үй жөндеуден өтіпті. 2020 жылға дейін жалғасатын бағдарлама қалай іске асып жатыр?

008

Жандос Әбдірәсіл — Сайрам шағынауданындағы №27 үйдің төрағасы. Құрылыс басталғалы бері жұмыс барысын қалт жібермей қадағалап жүр. Қазір бұл үйдің жылу жүйесі жаңартылуда. Ширек ғасырдан бері жөндеу көрмеген құбырлар ауыстырылып жатыр. Тұрғын үйдің шатыры да жаңарған. Алайда, жаңарту жұмыстары жоспарына суағар жүйесі енгізілмепті. Төрағаның айтуынша, сметалық жоба жасаларда мұндағы халықтың пікірі толық ескерілмеген.

Жандос Әбдірәсіл, № 27 үйдің төрағасы: «Бізден ешкім сұрамады. Балалар ойнайды мұнда. Кейін біреуін шатырдан құлаған қар басып қалса қайда барамыз?»

Ал мердігер компания басшысы құрылыс жұмыстарын жүргізгенде сметалық жобадан ауытқи алмаймыз. Мұндай ақаулар әу баста тиісті құжаттарда ескерілуі тиіс еді дейді.

Дәулет Смалмбек, «Қазэнергокомпании» ЖШС директоры: «Өзгеріс енгізуге ГАСК рұқсат бермейді. Кейін мемлекеттік қабылдаудан өтпей қалады.»

Ал салаға жауаптылар жаңарту жұмыстарының түрлері тұрғындардың нұсқауымен жасалатынын айтады. Халықтың 70 пайызы келісім бермесе де жұмыс жүрмейді. Себебі, шығын халықтың қалтасынан төленеді. Тұрғындар 15 жыл ішінде жөндеуге кеткен қаражатты ай сайын кестемен төлейді. Модернизациялық жұмыстарға үйдің шатыры, хасбеті, инженерлік жүйесі, кіреберісін жаңарту кіреді. Келер жылдан бастап бағдарламаға өзгерістер енгізіліп отыр.

Алғашында бағдарламаға халықтың сенімсіздікпен қарағаны рас. Алайда, тұрғындар енді кезекке тұрып, үйлерін жөндеп алу үшін қаржының бөлінуін күтіп жүр. Дегенмен, жасалған жұмыстарға көңілі толмай, тіпті, сотқа дейін шағынып жүрген тұрғындар бар.

Назан Әлиева жаңарту жұмыстарына дейін үйін 500 мың теңгеге күрделі жөндепті. Сапасыз құрылыстың салдарынан шатырдан су ағып, түсқағазын бүлдірген. Еңбегі еш кеткен кейіпкеріміз олқылықтар орнына келмейінше бір тиын да төлемеймін дейді.

Осылайша артық қыламын деп тыртық қылған мердігерлердің атүсті әрекеті тұрғындарды сотқа дейін сабылтуда. Құзырлы орғандарға жаңарту жұмыстарына көңілі толмаған оншақты тұрғыннан арыз-шағым түскен.

Алайда, жаңарту жұмыстарына жауаптылар жұмыстың жүйелілігін қатаң бақылаймыз деп отыр. Өндірістік кесте, жұмыс сапасы үнемі бақыланып отырады. Тіпті техникалық қадағалаушылардың қатысумен жұмыс барысы қатаң қадағанады.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, тұрғындардың төлемі де ойдағыдай іске асуда. Бұл орайда діттеген жоспар 100 пайызға еңсерілген. Айта кетейік, қазір Шымкентте 34 көпқабатты үй жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 252 миллион теңге бөлінген. Ал жыл соңына дейін тағы 23 үйді жаңарту жоспарда бар. Мамандар әзірге 14 үйдің құрылыс жұмыстары тас түйін бітіп тұр ден сендіреді.

Мақпал Рысбаева