Қайрат Ералиев, боксшы
Қайрат Ералиев, боксшы
Қайрат Ералиев, боксшы

– Қайрат, бүкіләлемдік бокс сериясының 5-ші маусымында «Астана Арланс» клубының жеңіске жетуі барша қазақстандық үшін үлкен қуаныш болғанын жасырмаймыз. Жеңіс құтты болсын! Алғашқы сауалды әлбетте сол додамен байланыстырғым келіп отыр. Ақтық сындағы кездесуде жеңіске жетіп тұрып, аз ғана ұпай көрсеткішпен жеңіс қарсыласыңда кетті. Білуімше, сен ол боксшымен әлем біріншілігінде кездескен болатынсың және жеңіске жеткеніңді білеміз. Сеніңше бұл сында қарсыласыңның бағы шапты ма, әлде бабы ма?

– Әлемдік бокс сериясының (WSB) финалында Робейси Рамирестің бағы шапты десем болады. Рас, кездесу тартысты өтті. Төрт раундтың қорытындысы бойынша есеп 2:2 болып, тең түскенін білесіздер. Алайда шешуші сәтте жеңіс қарсыласымның еншісінде кетті. Дегенмен кубалық былғары қолғап шеберін осал боксшы дей алмаймын.

– Қалай ойлайсың, кубалықтармен өткен кездесуде біздің саңлақтар өз тәжірибелерін толықтай көрсете алды ма? 

– Жігіттер біліктіліктерін көрсете алды деп ойлаймын. Біздің бокс-шылар бұл ақтық  сынға ерекше дайындықпен шықты. Барлық спортшымыз жоғары деңгейде жұдырықтасты. Қандай азулы боксшы болсын, командаға жеңіс әкелу керек деген мақсат тұрды. Ақтық сын болғаннан соң барымызды салдық деуге болады. Жеңіс оңай келген жоқ. Әрине, бұл ретте жаттықтырушылардың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Олар әрбір жаттығу барысында бокстың техникаларын үйретуден шаршаған емес. Жаттығу залында өткен күндер осылайша жемісін берді десем болады.

– Сенімен сұхбаттасудың өзі оңайға соқпады. Түркия елінде нендей мақсатпен жүрсің? Жарыс, әлде жаттығу? Қанша уақытқа созылады?

– Енді сондай сәтке түсіп қалғансыз да (күліп). Дәл қазір Түркия елінде 10 күндік оқу-жаттығу жиынында жүрген жайым бар. Әрі тәжірибе жинаймыз, әрі теңізде шомылып, тынығамыз. Мұндай демалыс әрбір спортшы үшін аса қажет.

– Боксқа келмей тұрып, футболға қызыққан екенсің. Бәлкім қолғап кимегенімде футболшы болып жүрер ме едім деген ой мазаламайды ма?

– Шынымды айтайын ба, кейде ірі масштабтағы футбол матчтарын көргенімде ондай ойлар мазалайтыны рас. Бірақ маған жасыл алаң емес, жаттығу залына бару бақыты бұйырған екен. Дегенмен бокс та, футбол да — спорт. Екеуі де салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді.

– Спортта төреші спортшының тағдырын шешеді деп жатады. Кейде талабы бар саңлақтардың жарқырап шығуына тосқауыл болатын да сәттерін көріп жүрміз. Өз тәжірибеңде мұндай сәттер жиі болып тұра ма?

– Иә, өкінішке орай спортта ондай сәттер орын алып тұрады. Кейде төрешінің шешімі спортшының тағдырын шешіп жатады. Рас,  үлкен спортта жүрген жылдары мен де ондай жайттарға ұшырасқанмын. Бірақ, жиі емес. Тек әділетсіздік болды екен деп тым өзіңді тастап жіберуге де болмайды. Өйткені спортта тек мықтылар ғана жүреді. Өзіне сенімді, әрі болмашы нәрсеге сағы сынбайтындар бүгін болмаса да, ертең мықтылығын дәлелдеп шығады.

– Бапкерің туралы айта кетсең…

– Мырзағали Айтжанов қазақ боксында алар орны ерекше тұлға. Ұлттық құраманың бас бапкері. Сол кісі менің жеке бапкерім. Мырзағали аға жаттығу жұмыстарына келгенде қатал. Бәрін белгілі бір режимге түзіп қойған. Тынығуды да ұмыт қалдырмайды.  Тактикаға ерекше мән береді.  Ол кісі тек мені емес, ұлттық құрамадағы барлық боксшыға да бапкерлік етеді. Білгенін үйретуден шаршаған емес. Негізі жаттықтырушы ең әуелі психолог болу керек дейді ғой. Менің бапкерімде осы бір қасиет бар. Ол кісі әрбір спортшының ішкі жан-дүниесінен хабардар болып отырады. Осы ретте білікті бапкер — спортшыға берілген бақ екенін ерекше атағым келеді.

– Тәулігіне неше уақытыңды жаттығуға арнайсың?

– Жоғарыда атап өткенімдей, бізде жаттығу шараларына аса мән беріледі. Таңғы 7:45-те жаттығуға шығып, 1 сағат денені шымырландырамыз. Одан кейін сағат 11-де,  түскі  13.30-да жалғасады. Бұл кездерде де жаттығу бір сағатқа созылады. Кешкі сағат 17.00-де үздіксіз екі сағат жаттығамыз. Демек, тәулігіне 4,5-5 сағат уақытымызды жаттығу жұмыстарына арнаймыз.

– Өзіңді жолы болғыш спортшымын деп есептейсің бе?

– Кез келген додада қарсыласыңды сыйлай білу керек. Мынау осал, мынау мықты деп бөле-жарудың қажеті шамалы. Өйткені спортта бақ шауып кететін сәттер болып тұрады. Ал өзіме келер болсам, «жолым болғыш» немесе «үнемі сәтсіздікке ұшыраймын да жүремін» деп айта алмаймын. Өмірде барлығын Алланың қалауымен орын алып жатқан жағдай деп түсінемін.

– Осыдан 6 жыл бұрын өзіңнен сұхбат алғанымда әлем чемпио-натында бағымды сынағым келеді деп едің.  Ол ойың жүзеге асып, нәтижең де жаман болмады. Ендігі арманың қандай?

– Кез-келген спортшы бәсі биік дүбірде бағын сынағысы келеді. Тіпті арманы десем де болады. Әрине, ондай додаларда бақ сынау үшін күндіз-түні тер төгу керек. Еңбектің арқасында ғана арманың жүзеге асады. Менің ендігі мақсатым – келер жылы  Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиадаға берілетін жолдамаға  қол жеткізіп, аталған сында барымды салып, елімді қуантқым келеді.

– Ендеше, мақсатыңның жүзеге асуына тілектеспін. Жеңісті күндерде жолыққанша!

Әңгімелескен – Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №26, 01.07.2015