Бокстан Әлем чемпиондары бір апталық демалысқа кетті

558
Бокстан Әлем чемпиондары бір апталық демалысқа кетті
Ел қоржынына салынған жалғыз алтын медаль - оңтүстік боксшысының еншісінде

Германияда өткен Әлем чемпионатында оңтүстіктің үш боксшысы жүлде үшін таласты. Алайда, олардың екеуі көздеген мақсатына жете алды. Қайрат Ералиев – чемпион атанса, Ержан Жомарт – қола медль иесі атанды.

Жарыс аяқтала салысымен жерлестеріміз Шымкентке оралды. Оларды ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов бастап келді. Ел мақтаныштарын қарсы алуға бір қауым ел жиналды. Әр жерлесіміз бауырына басып, гүлін сыйлауға асықты.

Қайрат Ералиев те осыған дейін әлемдік аренада сынға түскен. Сол себепті бұл жолы оның басты жоспары алтын медаль болатын. Қарсыластары мықты болды. Төрт жекпе-жектің арасынан өзбекстандық боксшыдан басым болуы ол үшін үлкен жетістік болыпты. Ал ақтық сында ол американдық спортшыны жеңіп, ел қоржынына салған жалғыз алтын медальдың иесі атанды.

Ал Ержан Жомарт ең жеңіл салмақта қоладан алқа тақты. Бұл оның алғашқы байрақты додасы болатын. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттеріне бір апталық демалыс беріп, көп ұзамай қайта дайындыққа кірісетінін айтты. Өйткені, олардың алдында келесі жылы тағы бір байрақты жарыс күтіп тұр. Ол – Азия ойындары.