«Абылай ханның арманы.» Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы осындай тақырыптағы тарихи драманы көпшілік назарына ұсынды. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне арналып сахналанған шығарманың авторы — Думан Рамазан, қоюшы режиссері — Қуандық Қасымов. Елдің ішкі және сырты саясатын меңгерген хан Абылайдың аңыз қадамдарына көрермен қауым куә болды.
1,5 сағаттық премьералық қойылымда хан Абылайдың елі үшін еткен еңбегі мен хандықты жаудың құрсауынан аман алып қалуы көрініс тапқан. Қазақ шаңырағының шайқалмауы үшін айтқан ұтымды уәждері, бұқараны басқарудағы тиімді тәсілдері де баяндалады. Көрермен қауым дара қолбасшының биліктегі саясатына да куә болды.
Ал басты рөл хан Абылайды сомдау әдетегідей аға буын емес, театрдың жас әртісі Махметәлі Дәриевке бұйырыпты. Шығармашылық ұжым спектакльді сахналау үшін 1 ай уақытын сарп еткен. Тіпті бұл үшін қоюшы-режиссер де арнайы шеттен шақыртылыпты. Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, театрда 25 жылдық тәжірибесі бар Қуандық Қасымов тарихи туындыны көпке ұсынуда қиындықтар кездескенін жасырған жоқ.
Қуандық Қасымов, қоюшы-режиссер: «Қойылымды қою үшін қиындықтар орын алды. Мәселен, ғимараттағы сахнаға жарық сәулесінің түсуі қиын, анығырақ айтсам, жарық сәулесінің қондырғысы қойылмаған. Ал сахна, театр үшін ең маңызды дүние — жарық. Бұл ұжымның емес, осы нысанды тапсырған тараптың қателігі, о баста дұрыс жасалмаған. Бұл жауапкершіліктің жоғын көрсетеді. Бүгінгі қойылымды 100 пайыз сахналау мүмкін емес, 60-70 пайызға жеткізе алсақ, ұжым болашақта оны әрмен қарай дамытып, толықтырып ұсынады деген сенімдемін. Ал жас әртістердің қадамы жақсы деп бағалаймын.»
Тарихи шығарманың оқиға желісі бойынша Абылай хан жоңғарлардың қолына түседі, соңынан бодандықтан босаған кейіпкер елге оралады. Оның жолын тосқан жамағат қайта хан көтереді. Бұл көріністер көрерменнің көңілінен шықты.
Марат Дүйсенбеков, көрермен: «Ханды көзіммен көргендей әсерде болдым. Актер жас болса да хан Абылайдың болмысын шебер сомдады. Спектакльдегі ханның саясаты қазіргі қоғам саясатына да ұқсайды. Бұл біздің патшаларымыздың ел басқарудағы бірегей тәсілдері болса керек.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ti40dCHPP0Y[/youtube]
Айта кетейік, «Абылай ханның арманы» премьералық қойылымына театрдың 60-қа тарта әртісі жұмылдырылған.