Шымкенттіктер қарттар күнін атап өтті

874

1-қазан – халықаралық қарттар күні. Айтулы датаны жерлестеріміз де ескерусіз қалдырмады. Арқа-жарқа атап өтті.

Тойхананың төріндегі – ақ тілек-құттықтаулар мен жайылған ақ дастархан. Арнайы концерттік бағдарлама. Мұндай құрмет-ықыластың барлығы да – бұл күні қазыналы қарттарымыздың құрметіне арналды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһарымыздағы ҰОС және тыл ардагерлері, әр салаға еселі еңбегі сіңген қарияларды осылай құрметпен құттықтап, ақ алғысын жаудырды. Ал төрге жайғасқан мереке иелері риясыз марапатқа марқайды.

Бұл мейрамда «қара шаңырақтың» қарттары да құрметке бөленді. Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры   жылдар бойғы саналы ғұмырын сахнаға сарп еткен мәдениет майталмандарын ұмытқан жоқ. Арнайы алғыс хат пен сый-таралғысын тапсырды. Арасында дәл осы өнер ошағын 8 жыл бойы басқарған Бастарбек Пірімбетов те  бар.

Бастарбек Пірімбетов

Бастарбек Пірімбетов, зейнеткер: «Расында, бұл алғыс хат – маңызды емес. Мен үшін маңыздысы – қоғамның, ұжымның маған деген көңілі, көрсеткен құрметі. Дәл осындай ыстық лебіздері арқылы мені қанаттандырады, шабыттандырады. Сондықтан болса керек, зейнеткерлікке шықсам да, әлі  күнге облыстық кәсіподақ орталғында жұмыс жасаймын. Мәдениет саласының өрлеп-өркендеуіне үлесімді қосып жүргеніме қуанымын».

Айта өтейік, бүгінде Шымкент қаласында 76 мыңға жуық зейнеткер бар. Оның ішінде, 61 -і – Ұлы Отан соғысының, ал 4500-і – тыл ардагерлері.

Мөлдір Бекеева