«Бірлігі жарасқан мәңгілік ел». Астана қаласында Оңтүстіктің мәдениет күндері басталды. Бас қалада алдымен күнгейліктердің мәдениет пен өнері, тынысынан сыр шертетін көрмелер ұйымдастырылды.
Онда қазақ гобелен өнерінің кәсіптік негізін қалаған тұңғыш суретші-шеберлер Құрасбек Тыныбеков пен Батырбек Өтеповтың туындылары қойылған. Бұдан бөлек Конгресс-холл фойесінде «Терең тарих сырлары», «Туған жер бояулары», «Қолөнерім — өнегем», «Шынайы нышан немесе арнау» атты 4 бөлімнен құралған көрме ұйымдастырылмақ.
Қазақ даласының салт-дәстүрін, тұрмыс-салтын, жарасымды өмірін бейнелеген гобелен, текемет және керамикалық бұйымдары және Қазақстанға белгілі суретшілер С.Махамбет, А.Оспанов М.Қалқабаев, А.Құлбай, М.Бараисов, С.Жорабеков, Р.Абдулов, Е.Палымбетов, Ғ.Қаржасов, Қ.Қансейт, А.Омаров, Т.Айдарбеков, М.Жетпісалиев, А.Шаржановтың туындылары да мәдениет шарасынан шет қалмайды. Белгілі қолөнер шебері, суретші Б.Бейсбековтің Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап жасалған «Ғасырлар үні» инсталяциялық композициясы да көрменің төрінен орын алмақ.
Осылайша астаналық ағайынға 80-нен астам құнды жәдігермен жасақталған көшпелі көрме таныстырылады. Ал 2 шілде күні сағат 19.00-де Елордадағы Конгресс-холл залында Оңтүстік өнерпаздарының гала-концерті өтеді.
Қорытынды кешке Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, опера және балет, әзіл-сықақ және сатира театрларының әртістері жұмылдырылған. Жасақ құрамында «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары — «Қазына», «Тұмар» би ансамблдері және балет тобы өнер көрсетпек. Облыстық мәдениет басқармасы басшылығының айтуынша, мерекелік шараға өңіріміздің 170 өнерпазы аттанған.