«Автобус» рейді жалғасуда

440

Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында өтіп жатқан «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасының екі күнінде тәртіп сақшылары 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. Бұл рейд 28-30 шілде аралығында республикалық деңгейде өтіп жатыр.

018

Іс-шараның негізгі мақсаты — жолаушылар көлігінің жүргізушілері жасайтын жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуларды айқындау және жолын кесу, автобустардың соңғы аялдамаларында, автостанцияларда, жол полициясы бекеттерінде қоғамдық көліктердің техникалық жай-күйін тексеру.

007

Бұған қоса жолаушы тасымалдаудың тиісті нормативтері мен стандарттардың талаптарын сақтау, жүргізушілердің рейс алдында медициналық және техникалық байқаудан өтуін, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін, сондай-ақ, жолаушыларды тасымалдаудың белгіленген нормаларын сақталуы да қадағалынуда. Іс-шараға 700-ден астам тәртіп сақшысы мен басқа да осыған қатысты қызметкерлер жұмылдырылды.

007+

Соңғы екі тәулік ішінде жол-патрульдік полициясы қызметкерлері жолаушылар автобус жүргізушілерінің тарапынан жасалған 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау куәлігінсіз жүруге қатысты 68 жәйт, бұрылу ережесін бұзған 55 жәйт, көлікті жүргізу кезінде ұялы телефон қолданғаны бойынша 165 жәйт, жылдамдықты асырғаны үшін 30 жәйт, қарсы бағытқа шыққаны бойынша 3 жәйт, жаяу жүргіншіге жол бермегені бойынша 9 жәйт, автобусты техбайқаусыз және көлікті сақтандыру полисінсіз айдағаны бойынша 62 жәйт, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны бойынша 16 жәйт және тағы басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YgvOI9dCUJc[/youtube]

Сонымен қатар полицейлер мас немесе есірткі қолданған халде автокөлікті басқарған 3 адамды ұстады. Жолаушы тасымалы бойынша 40-қа жуық заң бұзушылық тіркеліп, 1 автобус паркінің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында автобус жүргізушілерінің кесірінен 20 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 17 адам қайтыс болып, 30 адам әртүрлі дене жарақатын алды.