Оңтүстікте банкті тонауға қатысты іске әлі соңғы нүкте қойылған жоқ. Банкті тонады деген айып тағылған 6 азаматтың қорғаушылары бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, апелляциялык шағым түсірген.
Еске сала кетейік, Әл Фараби аудандық сотының судясы Шара Бисембаева айыпталушылардың барлығын кінәлі деп тауып, жазаға тартқан болатын.
Ержігіт Қасымов, Мұрат Дауланов, Ержан Мыңайдаров пен Мұстафа Әлімжановтар қылмыстық кодекстің 175-бабының 4-бөлігі, «б» тармағы бойынша айыпты деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандықтарынан айырылған. Олар жазасын жалпы режимдегі түрмеде өтеуі тиіс.
Ал бөлімше басшысы мен сол күні кезекшілікте болған қарауыл 6 жылға сотталған еді. Ал облыстық соттың алдына жиналған сотталушылардың туыстары тергеу барысында қысым жасалғанын айтады.
Жиналғандардың арасында сотты болған Ержігіт Қасымовтың анасы Ұлболсын Сейдаева да бар. Айтуынша, аудандық соттың шешімі әділ шығарылмаған. Егер өздерінің қойып отырған талаптары орындалмаса, ашаршылық жариялауға дейін барамыз деп отыр.
Апелляциялық сотта судья Оңғарбаев төрағалық етті. Ол іске қатыстылардың барлығының талап тілектерін тыңдады.
Ернар Балабеков