Бос жатқан жер кері қайтарылады

556

Пайдаланылмаған жер телімдері мемлекет меншігіне өтеді. Бұл талаптың орындалуы қатаң қадағалануда. Ал қаланың құрамына енген елдімекендердегі тұрғындардың әлеуметтік мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі. Мұндай мәлімдемені қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы айтты.

Бас жоспарға сәйкес Шымкент қаласының аумағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайғаны бар. Енді қала іргесіндегі және Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан өткен елдімекендердің әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында бүгінде мемлекет қажеттігіне жер телімдерін өткізу шаралары қолға алынған.

Маманның мәлімдеуінше, бүгінде қаланың аумағына енген Жаңа талап, Игілік, Таскен елдімекендерінде мектептер пен балабақшалар салу мәселесі шешімін таппаған. Сондықтан әлеуметтік нысандардың құрылысын бастау мақсатында аталған тұрғылықты жерлерде бөлініп, алайда мерзімінде пайдаланылмаған жерлер коммуналдық меншікке өтеді. Бұл шара заңды тұлғаларға да қатысты.

Жекеменшік секторда «Тұран» шағынауданындағы 24 гектар жер мемлекет меншігіне өтіп, 429 млн теңге бюджетке түсті.

Шымкентте де пайдаланусыз жатқан жер телімдері мемлекетке кері қайтарылады. Қаладағы учаскелерді түгендеу жұмыстарын жүргізген жер қатынастары бөлімі кәсіпкерлік, тұрғын үй және ауыл шаруашылығы үшін үлестірілген 20 мыңға жуық телімнің текке жатқанын анықтапты. Қазір жер инспекциясы қайтару ісімен қатаң шұғылдануда.

Оңтүстіктің телімі таршылық етті ме, әйтеуір, шымкенттік шенеуніктер ауыл шаруашылығы айналымына таратылған жерлерді жеке үй салуға үлестіріп жіберген. Мамандар мақсатсыз кеткен 4596 учаске бар деп отыр. Ал бұл – 1652 гектар жер.

Шаһарда кәсіпкерлік үшін алынған телімдер де текке жатыр. Жұмыссыздықты кемітіпғ қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосады деген 215 учаске мемлекетке кері қайтарылады. Пайдаланылмай жатқан жерлердің тізімі жер инспекциясына жіберілді.

Ең сорақысы, қаланың құрамына қосылған 40 елдімекенде түгендеу жұмыстарын жүргізген жер қатынастары бөлімінің мамандары нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан 15 423 учаскені анықтапты. Міне, осындай келеңсіздіктерге қарамай шаһарда әлі де болса жер алып, жеке баспана тұрғызуға ниеттілер жетерлік. Өтініш білдірген азаматтардың сұранысын қанағатандыруға Бадам 3, Ақжар 2, Ақтас елдімекендерінен жер телімдері қарастырылуда.

Бұдан бөлек жер қатынастары бөлімі қаладағы қорымдардың да аумағын түгендеуі қажет. Осыған дейін шаһарда 20 мазар болса, үш ауданға елдімекендердің қосылуына байланысты олардың саны 64-ке жетіпті.

Шынар Оразова