Қазақстанда кешенді тестілеу басталды. Жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін сынаққа түрлі себептермен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған, ойдағыдай бал жинай алмаған және орта арнаулы білім ордасын аяқтаған жастар қатыса алды.
Айта өтейік, биыл кешенді тестілеуге қатысушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артық. Мәселен, тест тапсыру бекетінің бірі Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-не өткен жылы 7000 талапкер өтініш білдірсе, биыл 9500 талапкер кешенді тес тапсыруда.
Мұрат Айтөреев, қабылдау комиссияның мүшесі: «Кешенді тесттің қорытындысы бойынша әр талапкер ЖОО-на түсе алады. 4 пән бойынша 25 сұрақтан жауап береді. Сұрақтарға жауап беру үшін екі жарым сағат беріледі. 4 пән — қазақ, орыс, тарих және таңдау пәні бойынша тапсырылады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы металл іздегеш, тексеру құрылғылары орнатылды.»
Оңтүстікте өтіп жатқан мемлекеттік сынақтың өту барысын Астанадан арнайы келген 16 өкіл бақылайтын болады. Сынақ еліміздің барлық өңірінде 17-22 шілде аралығында өтеді.