Оңтүстік Қазақстанда «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы мен оған еншілес «Ырыс» шағын несие ұйымы арқылы алты жылда ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 31,6 млрд теңге болатын 11 307 жоба қаржыландырылды. Бұл жайында «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте «Ырыс» шағын несие ұйымының директоры Е.Қансейітов хабарлады.
Биылдың 6 айында 4,1 млрд теңгені құрайтын 1239 жоба қаржыландырылған. Екі ұйымның несие қоржыны 16,2 млрд теңгеге жетті. Бұл — 2011 жылмен салыстырғанда 2 есе артық. Алты жыл алты айдың ішінде 31 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 15 мыңы тұрақты жұмыс орны болса, 16 мыңнан астамы — уақытша жұмыс орындары. Аталған жобалардың 90 пайызы ауылдық жерлерде жүзеге асуда.
2012 жылдан бері жүйелі түрде «Жұмыспен қамту — 2020», «Моноқалалар» бағдарламасы арқылы жалпы сомасы 5 млрд теңге тартылды. Соның ішінде 2015 жылдың 6 айында «Ырыс» ұйымына ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 700 млн теңге көлемінде несие бөлінген. Оның 200 млн теңгесі ауылдық бизнесті дамытуға, 500 млн теңгесі мақта өндірушілерге берілді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=qrhuxO0Whzo[/youtube]
‒ 2014-2016 жылдары мал шаруашылығын дамыту іс-шарасы аясында 4 млрд теңгеге 1333 шағын бордақылау алаңы мен шағын сүт-тауарлы фермаларын ашу жоспарлануда. Соңғы алты айда 1 млрд 451 млн теңгеге 626 шағын бордақылау алаңы, 109 млн. теңгеге 48 шағын сүт-тауарлы фермалары қаржыландырылды, ‒ деді Е.Қансейітов.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі