Жаңа оқу жылында облыста бірқатар білім ордалары жұмысын тоқтатады. Алты айда атқарған тірлігін қорытқан облыстық прокуратура өкілдері осындай мәлімдеме жасады. Қадағалау органының қызметкерлері алдағы қыркүйектен бастап 4 бірдей жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылады деп кесіп айтты.
Бұдан кейін әңгіме ауаны қылмыс тақырыбына бұрылды. Прокурордың айтуынша, 2015 жылдың 6 айында криминогендік ахуал қылмыстар санының 30,4 пайызға өсуімен сипатталады. Жалпы, онша ауыр емес қылмыс — 85 пайызға, ауыр қылмыс — 17 пайызға, ал аса ауыр қылмыс саны 6,7 пайызға көбейген.
Жыл басынан бері облыста есірткіге қатысты 160-тан астам қылмыс пен 700-ге тарта қылмыстық теріс қылық тіркелген. Қылмыстың осы түрімен күрес шараларын жүргізу кезінде 4 есірткі притоны мен 50 шақты есірткі ошағы жойылған.
Сондай-ақ облыста құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты 19 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Конституциялық құқықтарды бұзғаны үшін 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал бюджет қаржысын талан-таражға салған пысықайларға қатысты сыбайлас жемқорлық санатындағы 11 қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ 295 млн теңге көлемінде қаржыны заңсыз жаратудың 18 дерегі анықталды. Атап айтқанда «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламалары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Соның ішінде 37 млн теңге қаржыны жымқыру деректері бойынша 3 қылмыстық іс сотқа жолданды. Сотта мемлекеттік сатып алу бағытында анықталған заң бұзушылық бойынша прокурорлар 22 тексеру жұмысын жүргізген. Барлық шаралар бойынша 4 қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ 22 лауызым иесі тәртіптік, 23 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде қылмыстық ортаның 12 белсендісі қолға түскен.
Биыл облыс аумағында қылмыс жасап, шетелде бой тасалаған 5 қылмыскер елге жеткізіліп, олардың біреуі сот үкімімен сотталды. Өзге мемлекеттен пана іздеген тағы 32 күдіктіге Интерпол жүйесі арқылы халықаралық іздеу жарияланып отыр.