Оңтүстікте алты айдың бюджеті толық дерлік игерілді

343

Оңтүстікте алты айда бюджет қаржысы 97,7%-ға игерілді. Ал мемлекеттік бюджетке 95,6 млрд теңге түскен. «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық қаржы барқармасы басшысының орынбасары И.Шалабаев осылай деп хабарлады.

001

Оның ішінде жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 115,6 пайызға орындалған. Осылайша өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бюджетке 8,6 млрд теңге қаржы артық түскен немесе 22,9%-ға өсіп отыр.

Есепті кезеңде жергілікті бюджеттің кірістер жоспары барлық аудан, қалалар бойынша асыра орындалса, бюджеттің шығыс бөлігін орындау жөніндегі көрсеткіштердің де жылдан жылға сапасының жақсарып келеді дейді орынбасар.

Соңғы 6 айда 227,8 млрд теңге бюджет қаржысы игеріліп, жоспарланған меже 97,7%-ға жетіп отыр. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда игерілген бюджет қаржысы 4,1 млрд теңгеге артық. Былтыр облыс бойынша бюджет қаржысы 99,8%-ға игеріліп, облыс республикада көш бастаған. Мұндай нәтижеге «Бюджет заңнамасының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» облыс әкімдігінің 2010 жылы 30 желтоқсанда қаулысы қабылданып, тұрақты түрде мониторинг жүргізудің нәтижесінде қол жетіп отыр деді басқарма басшысының орынбасары.

Сонымен қатар облыста мүлікті жария ету бойынша жұмыстар үш бағытта іске асырылуда. Бірінші бағыт — Қазақстан аумағында орналасқан жылжымайтын мүліктерді, құнды қағаздар мен заңды тұлғаның жарғылық қорындағы үлесін жария ету. 2015 жылғы 10 шілдедегі жағдай бойынша облыс тұрғындарынан аудандық, қалалық әкімдіктері жанынан құрылған комиссияларға жалпы құны 14 млрд 383 млн теңгені құрайтын 1 464 өтініш түскен. Соның 1026 өтініші бойынша (70,1%) құны 7 млрд 411 млн теңге тұратын мүлік заңдастырылған. Бұл бағыт бойынша республикада алтыншы орындамыз.

Екінші бағыт — бұл салық органдары арқылы Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан мүліктерді, құнды қағаздар мен заңды тұлғаның жарғылық қорындағы үлесін жария ету. Бүгінге дейін облыс тұрғындарынан 8 өтініш түсіп, құны 5 млн 838 мың теңгені құрайтын жарғылық қордағы үлесі жария етілді.

Ал үшінші бағыт бойынша азаматтар ақшаны жария ету үшін екінші деңгейдегі банктер мен поштаның ұлттық операторларына өтініш береді. 1 маусымдағы жағдайға ұлттық банктің берген мәліметі бойынша өңіріміздегі екінші деңгейдегі банктерде 9 жинақ шоты ашылып, оларға 516,5 млн теңге түскен.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі