Оңтүстік Қазақстан облысында «Серпін» әлеуметтік бағдарламасының түсіндіру жұмыстары аяқталды. Енді талапкерлер 23 шілдеде мемлекеттік конкурсқа қатыса алады. Айта өтейік, жобаны түсіндіру жұмыстары күнгейде 7 шілде күні басталған болатын. Қазақстанның әр өңірінен келген оқу орындардың өкілдері облысымыздың барлық аударындарында болып, ауқымды бағдарламаның мүмкіндіктерін түсіндірді.
Ғани Аманқұлов, «Жастар орталығы»мекемесі директорының орынбасары: «Біз Қазақстанның өзге аймақтарынан келген оқу орындары өкілдерімен бірге өңіріміздегі Арыс, Түркістан, Түлкібас, Бәйдібек, Созақ, яғни барлық аудандарды араладық. Қуантарлығы, барлық аудандарда қызығушылық танытып, бағдарлама аясында оқуға түскісі келетіндер өте көп. Ата-аналарымен бірге келіп, оқу барысын сұрастарып, көптеген сұрақтарға жауап алды. Тіпті шалғайдағы ауылдан келгендер де көп. Енді Шымкентте соңғы түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр».
Солтүстік Қазақстаннан келген өкілдердің айтуынша, өңірде техникалық, агроөнеркәсіптік, ауыл шаруашалығы, педагогикалық және тау кен ісі бойынша мамандар жетіспейді. Сондықтан бағдарламада аясында техникалық мамандықтарға басымдық берілген. Ал мемлекеттің арнайы шәкіртақысына ие болу үшін студент оқу барысында жоғары білім көрсеткішін көрсетуі тиіс.
Оразбаев Қазыбек, Жезқазған университетінің өкілі: «Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарына қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылордадан қызығушылық танытып отырғандар өте көп. Және біз кен өндіретін аймақ болғандықтан тау-кен ісі бойынша 8 мамандық иелерін оқуға қабылдаймыз. Егер студент оқуды бітірген жерінде жұмыс істегісі келсе, жұмысқа тоолық орналастыру — оқу орнының құзыретінде. Ал студент оқу барысында шәкіртақыға ие болу үшін жақсы білім көрсеткішін көрсетуі тиіс. Мемлекеттік бағдарлама болғандықтан оқу барысы, жұмысқа орналастыру мәселесі — барлығы мемлекеттің қатаң бақылауында болады.»
«Серпін» бағдарламасының ерекшелігі, ұлттық біріңғай тестілеуге қатыспаған немесе аз балл жинаған түлектер де білім алып, маман иесі атануына болады. Әсіресе орта арнаулы білім алғысы келетіндер үшін үлкен мүмкіндік жасалған. Өйткені колледжге түсетіндер мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктерге ие болады.
Айнур Бейсенбаева, Павлодар қаласындағы Красноармейка аграрлық техникалық колледжінің өкілі: «Бағдарлама аясында әрбір талапкер тегін оқытылып, ай сайын шәкіртақы алады. 3 реттік тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, жатақхана мәселесі де шешілген. Әрі жылына 62 мың теңге көлемінде киім-кешегіне қаржылай жәрдем көрсетіледі.»
Бүгінгі таңда еліміздегі 19 жоғары, 44 орта арнаулы оқу орны дәл осы бағдарлама аясында түлектерді қабылдайды. Өзге өңірден келген оқу орнының өкілдері колледжге түсушілердің құжаттарын бірден қабылдаса, жоғары оқу орнын таңдағандар 23 шілде күні құжаттарын тапсыра алады. Білім конкурсына қатысып, жоба аясында бөлінген 5000 гранттың иегері атануы әбден мүмкін.
Толығырақ мына сілтеме арқылы біле аласыздар.