Еліміздің барлық өңірлерінде 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» акциясы басталады. «Оңтүстік» ақпарат орталығында осы акция жайында облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ғ.Жүсіпова мен ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Ғ.Жетібаев мәлімдеме жасады.
-Оңтүстік Қазақстанда екі айға жалғасатын қайырымдылық акциясы «Балаларға бірге көмек берейік!» ұранымен өтеді,- деді Ғ.Жүсіпова.
Жыл сайын дәстүрлi түрде ұйымдастырылатын шара осымен 8-рет қолға алынып отыр. Шараны өз деңгейінде ұйымдастырып өткізу үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыстық ұйымдастыру комитеті құрылды.
Аталған ұйымдастыру комитетінің құрамына ОҚО білім жастар саясаты және тілдерді дамыту, облыстық ішкі саясат және дін істері, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалары жөніндегі басқармалар мен ОҚО ІІД, облыстық ата-аналар комитеті және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары енгізілді.
Акция аясында мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған балаларға естелік сыйлықтар таратылып, әлеуметтiк қорғалмаған отбасылардың бiрiншi сыныпқа баратын балаларына қайырымдылық iс-шара, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету үшiн iрi сауда үйлерiнде мектепке қажеттi заттар мен оқу құралдарын қабылдауға арналған контейнерлер орнату арқылы «Балаларға бірге көмек берейік!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: Балаларды мектепке дайындаймыз!» «Мейірімді қолдар» атты шаралар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Ғ.Жетібаев қараусыз қалған, әлеуметтік жағдайы төмен балаларды анықтау мақсатында арнайы рейдтер ұйымдастырылатынын жеткізді.
Естеріңізге салсақ, өткен жылы осы акция аясында 21656 балаға материалдық көмек берілді. Оның ішінде 12918 балаға бюджет қаражаты есебінен, қалған 8738 балаға бюджеттен тыс демеушілер қаражаты есебінен материалдық көмек көрсетілген. Акция барысында азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін 24-75-25 сенім телефондары жұмыс істейтін болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі